Шымкентте үш өңірдің бизнес қауымдастығы бас қосты. Қазақстан Республикасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті өкілі Қанат Нұров үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді. Бизнес-омбудсмен және қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов Түркістан және Жамбыл облыстарының кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесуде Қазақстанның Оңтүстігіндегі бизнестің дамуы мен проблемалық мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланды. Соның ішінде халықаралық төлем транзакцияларын жүзеге асыру, отандық өнімдерді импорттан қорғау шараларын қолдану, АӨК кешеніндегі сұрақтар мен ақылы жолдардың төлемдері секілді жүйелі мәселелер қамтылды.
Іс-шара барысында Түркістан облысы — ауыл шаруашылығы мен сауда саласы дамыған аймақ. Өңірде кәсіпкерлік, әсіресе агробизнесті дамытуға үлкен мүмкіндік бар, өйткені табиғи ресурстар мен қолайлы климат ауыл шаруашылығы үшін өте тиімді екені айтылды. Өңірде өндіріс саласы да даму үстінде. Әсіресе, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және химиялық өнімдер өндірісі секілді бағыттардағы кәсіпорындар саны артуда.
Сондай-ақ бұл мекен кәсіпкерлік үшін қолайлы аймақ болып табылады. Мұнда аграрлық сектор, туризм, өндіріс және құрылыс салалары жақсы дамыған, және жергілікті билік кәсіпкерлік қызметті дамытуға барынша қолдау көрсетуде. Әсіресе ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы және туризм салалары жаңа бизнес бастамалар үшін өте тиімді.