Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Осы бағытта жан-жақты жұмыс жүруде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірдегі индустриалды аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағын инфрақұрылыммен қамту, жаңа кәсіпорындар ашу мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Мәжілісте 10 индустриалды аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағының қазіргі жай-күйіне талдау жасалды. Облыста өндірісті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында индустриалды аймақтар құру жоспарланып, аудан қалалар тарапынан техника-экономикалық негіздемелер және соның негізінде жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, нәтижесінде, облыс бойынша индустриалды аймақтар құрылған.