Қазір жұмысқа орналасу үшін әр есікті қағып, қағаз толтырып, арнайы залда тест тапсырып әуре болудың қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ, Еqyzmet.gov.kz порталына электронды қолтаңба арқылы тіркеліп, жеке деректеріңізді енгізіп, бос лауазымға тест тапсыра аласыз. Тіпті, мемлекеттік органға келмей әңгімелесуді де сол жерден жүргізу қарастырылған. Осы ретте мегаполистегі мемлекеттік қызмет саласында 50 бос жұмыс орны бар. Оларға сапалы кадр тарту үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ғимаратында мемлекеттік қызмет саласындағы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қала әкімдігі ұйытқы болды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Аянай Раеваның айтуынша, қалада қазір 48 мемлекеттік органда 1954 штаттық бірлік болса, оның 5 пайызы бос орын.
Жәрмеңкеге 20-дан астам мемлекеттік орган қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың ішінде білім, денсаулық сақтау, жолаушылар көлігі және автомабиль жолдары, ішкі саясаты және жастар істері жөніндегі басқармасы, аудан әкімдіктері, Мемлекеттік кірістер департаменті, сот әкімшілігі және әділет департаменттері бар.
Жәрмеңке барысында ЖОО-ның бітіруші студанттері, жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің түлектері, квазимемлекеттік сектордың және өзге де мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысып, мамандардан кеңес алды.