Аудан тұрғындарымен кездесудегі халықтың ұсыныс-тілегін ескерген әкім Тұран шағын ауданына барды. Тиісті мамандармен бірге аталған шағынаудандағы үйлердің құрылыс барысымен танысты.
Осыған дейін жылу жүйелерінен бірнеше рет ақау шыққан жерге арнайы сараптама тағайындалып, қазандықтардың жарамсыз екені анықталған еді. Оған қоса, тұрғындар тарапынан үй қабырғаларының сапасыздығы айтылған. Қала басшысы мамандарға сапаны назарға алуды тапсырды. Алдағы уақытта жауапсыз мердігерлермен жұмысты тоқтатуды ескертіп, қарапайым халық зардап шекпеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ құрылысты жүргізген мердігерлерге пәтерлердегі жылу жүйелерінің ақауларын тез арада қалпына келтіріп, қысқа дайындықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Биыл қалада мемлекеттік бюджет есебінен 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Оның ішінде Тұран шағынауданында 1 112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Жыл басынан бері 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, қалған 8 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі дейді.