Тоғызқұмалақтан төрткүл әлемнің алдында топ жарған қазақстандық спортшылар әлем кубогын жеңіп алды. Румынияда өткен жастар арасындағы байрақты бәсекеде қос алтынды кеудесіне тағып қайтқан жеңімпаз Дастан Қалыбек — ел мақтанышына айналды. Баласы бәйгеге шапқанда тақымын қысып отырған Дастанның ата-әжесі пойыз келген бойы құшақ толы гүлін көтеріп, вагонға асықты. Румынияның Константа қаласында өткен тоғызқұмалақтан жастар арасындағы Әлем кубогінің блиц және рапид түрінен жеңімпаз атанған Дастан Қалыбекті жерлестері құрмет-қошеметпен қарсы алды.
9 мемлекеттің 50-ге жуық спортшысы қатысқан сайысқа Қазақстан ұлттық құрамасының атынан шығып, топ жарған спортшы өз әсерімен бөлісті.
Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы. Көк туымызды желбіретіп жүрген спортшыларды шынықтыруда жаттықтырушының еңбегі ұшан-теңіз. Осыған дейінгі де талай сайыстан сүрінбей келе жатқан Дастан Қалыбектің жеңісінің бір бөлшегі — жаттықтырушының еңбегі.
Қазақтың ұлттық спортына қызығушылық артып, өзге елдерден қатысушылар қатары артқанын айтқан Дастан алдағы мақсатымен бөлісті. Айта кетсек, қыркүйек айының 16-19 аралығында өткен тоғызқұмалақтан Жастар арасындағы Әлем кубогын Қазақстан ойыншылары жеңіп алды. Яғни, жастар құрамасы 4 алтын, 4 күміс, 4 қола меадль еншілпеп, жалпыкомандалық есепте топ жарған.