Ұлттық дәстүр ұлықталды. Шымкентте қала күніне орай ұйымдастырылған шаралар легі өз жалғасын табуда. Соның бірі «Орта ғасырлық Шымқала керуені» мен «Музейдегі түн» салтанаты. Аталмыш мерекеге қала қонақтары мен тұрғындары қатысып, арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Шымқала мәдени кешенінде ұлттық нақышта көмкерілген шеберлер туындыларынан бөлек, арнайы шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Сондай-ақ қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Кеш мерекелік думанмен жалғасып ұлттық аспатар көмейінен күй төгіліп, арнайы сахналық қойылымдарға ұласып «Шымқала» кешені жайында фильмнің тұсауы кесілді.
Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүр ұлықталған күнде «Көне Шымқаладағы ұлттық бұйымдар» жәрмеңесі өтіп, қала тұрғындарының назарына қол өнер шеберлерінің туындылары ұсынылды. Мегаполис күніне арналған салтанатты шаралар легі мұнымен шектелмек емес, алдағы күндерде де аталмыш қалашықта түрлі шаралар өтіп, өз деңгейінде ұйымдастырылмақ. Осылай деген Биболат Әттев қала тұрғындары мен қонақтарын аталмыш шараға белсене қатысуға шақырды.
Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан шараның мақсаты үшінші мегаполис тарихын насихаттау, дәуірлер бойынша танымдық ойын-сауық ұйымдастыру, көне шаһардың дәстүрлі базарларын жаңғырту, салтанаттық өнер мен сазды қойылымдар арқылы мәдени мұраларды ұлықтау көзделген. Осы мақсатта өткізілген шарада ұлттық ойындар ойналып, көпшілктің көңілі көтерлді. Атап айтқанда: аударыспақ, асық ату, қол күрес, жамбы ату, тоғызқұмалақты қала тұрғындары тамашалады.
Қолданбалы өнердің бірнеше түрін меңгерген Болат Бейісбеков бұл салада 30 жылдан аса еңбек етуде. Бүгінде шебер сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, отандық брэнд қалыптастырып отыр. Атадан балаға дарыған қабілетінің арқасында Болаттың жұбайы мен балалары да дәл осы саланың иелері. Айталық бұл отбасының 7 мүшесі де киіз тоқып, ер тұрман дайындайды. Аталмыш жәрмеңгеге өз туындыларын паш еткен Бейісбековтердің қолынан шыққан дүниелері көпшіліктің қызығушылығын арттырып, сұранысқа ие болып жатқан жайы бар.
Мәдени кешенде өткен «Музейдегі түн» тарихи іс-шарасын тамашалауға әлеумет көптеп жиналды. Мерекелік бағдарлама «Шымқала дастаны» театрландырылған хореографиялық қойылыммен бастау алды. Бұл дастаның сюжеті батылдық, елге махабат пен намыс жайында өрбиді. Шымкен қаласы өнерпаздарының қатысуымен ашық аспан астында этно-фольклорлық концерт ұсынылып, каскадерлер шоуында әскери жаттығулардан шеберлік сабақтары өтті. Ашық аспан астында өткен шарада «Шымқала» кешені жайында фильм көрермен назарына ұсынылып, от және су шоулары ұйымдастырылды.
Мерекелік шарада арнайы қойылымдар көрермен назарына ұсынылып, ұлттық аспаптар сүйемелдеуімен концерт өтті. Шаһар әкімдігінің ұйытқы болуымен өткізілген шарада, қолөнер бұйымдарын жасаудан шеберлік сағаты ұйымдастырылды.