Ұлттық құндылық ұлықталып, ұмыт қалған салт-дәстүрлер жаңғырды. Шымкентте осыдан 3 ай бұрын тұсауы кесілген «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық бірлестігінің екінші бас қосуы өтті. Аталмыш шараның ұйымдастырылуына Абай ауданының әкімдігі ұйытқы болды. Рухани кешке қала тұрғындары мен Түркістан облысының шалғай аймақтарынан келген ақ жаулықтылар қатысты. Тәрбие тал бесіктен десек, айтулы шараның мақсаты жастардың бойына қазақтың әдет-ғұрыптарын сіңіру.
Былтыр астана күні мерекесінің қарсаңында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық жобасының тұсауы кесілген болатын. Осы айтуылы күнге орай, ағымдағы жылдың 9 шілдесінде Нұр-Сұлтанда аталмыш бірлестік мүшелері «Абысын-Ажын» атты байқау ұйымдастырғалы жатыр. Оған еліміздің 17 аймағынан аталмыш жобаның мүшелері қатыса алады. Жоба жетекшісі Айнұр Жүгінісова болашаққа қойған арман-мақсатымен бөлісті. Ол алдағы уақытта «Қазақ аналары –дәстүрге жол» атты шағын кітапшалар шығаруды ойға алған.
Айталық, респубикалық жобаның Шымкент қаласы бойынша филиалы биыл наурыз айында құрылды. Қазіргі таңда түрлі іс-шараларда белсенді қатысып, бой көрсетіп жүрген бірлестік мүшелері ұмыт қалған ұлттық құндылықтарды ұлықтауда атқарып жатқан істері орасан.
Тігін өнерімен 2 жылдан бері айналысатын Алуа Заманова бала тәрбиесімен үйде отырған жас ана. Аталмыш мерекелік жиынға өз қолынан шыққан қол өнерін паш еткен ол, мұндай шаралардың ұдайы өтіп тұруы, өскелең ұрпақтың өз түп-тамырын, ұлтының салт-дәстүрі , мениетін, әдет-ғұрыпын біліп өсуіне сеп болмақ. Жас ісмер тақияның түр-түрін тігіп көрмеге алып келген. Самсаған бас киімдерден оның туындысының ерекшелігі сол, жаз айына қолайлы ауа өткізгіш матадан арнайы пішілген. Бағасы сапасына сай қол жетімді. Бұдан бөлек көрпеше-жастық тігуді меңгерген Алуаның еңбектері, отандық киноиндустрия саласында да көрініс тапқан. Жас ана әйелдерге арналған бірлестіктердің болуы олардың дамуына, ұдайы ізденіс үстінде жүруіне сеп болатындығын жеткізді
Шым қаладан шалғай орналасқан Созақ ауданынан келген Сырғагүл Дүрменова қазақ дәстүрі насихатталған жиынның маңызы зор екеніне тоқталды. Шымкент қаласы Абай ауданының әкімдігіне ризашылығын білдірген ана, мұндай шаралардың тәжірибие алмасу үшін таптырмас дүние екендігін тілге тиек етті.
Қала күні мерекесі аясында тойланған салтанатты кешке қала тұрғындары мен Түркістан облысынан келген ақ жаулықты аналар қатысты. Әуезді әннен шашу шашылып, қазақтың ұлттық аспаптарының көмейінен күй төгілді. Сондай-ақ қолөнер бұйымдарының көрмесі өтіп, арнайы шеберлік сағаты ұйымдастырылды.