Кино әлемі бүгінгі күнде кез келген елдің мәдениет айнасына айналып үлгерді. Жаһандану кезеңінде бала тәрбиелеуде көгілдір экраннан келетін әрбір туындының маңызы зор. Бүгінде жастар арасында кітап бетіне үңіліп отырудан қарағанда, тарих беттеріне сіңген шынайы оқиғаларды кинофильмдер мен мультфильмдерден қарауға қызығушылық артып отыр. Осы мақсатта ұйымдастырылған Shymkent Nomad Film Fest атты қысқаметражды фильмдер байқауы Шымкентте Жастар ресурстық орталығында қорытындыланды. Байқаудың мақсаты киноиндустрия саласына үлкен мән беріп, жас талант иелеріне қолдау көрсету. Шараға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жас таланттарды құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Байқауда арнайы ережеге сәйкес 20 туындының ішінен 10-ы іріктеліп, көрермен назарына ұсынылды. Екінші рет өткізіліп отырған фильмдер фестиваліне Қарақалпақстан мен Өзбекстан елдерінің де режиссерлері тарапынан қызығушылық туындап, бірнеше өтінімдер түскен.


