Украинаның Харьков қаласына ұлы ақын Абайдың ескерткіші орнатылды. «Ойшылдар аллеясына» триптих ретінде орнатылған бұл ескерткіштің авторы – Украинаның халық суретшісі Сейфутдин Гурбанов. Оның айтуынша, туынды «Тіршілік ағашы» деп аталады екен. Триптихте Абаймен бірге Украинаның халық ақыны Григорий Сковород пен әзербайжан ағартушысы, философ Мырза Фатали Ахундов бейнеленген.
Ескерткіштің биіктігі – 4 метр, ал аллея ауданы – 2 543 шаршы метрді құрайды. Бір ерекшелігі, бұл саябақтың өзі Харьковтың тұмса табиғатындағы танымал демалыс аймағында орналасқан. Сол үшін Қазақстанның Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев қала әкімдігіне жақсы бастамасы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ триптих бауырлас елдер арасындағы рухани байланысты тереңдете түсетінін, олардың мәдениеті мен өнерінің кеңінен танылуына мүмкіндік беретінін атап өтті.