Қалдықты қазынаға айналдырып, қоқысты кәдеге жаратуды жаңғыртып «GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» ЖШС 2018 жылы іске қосылған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен пластмас құтыларын қабылдау арқылы таңқаларлық дүние жасауда. Айталық, тығыздалған пластмас қалдықтарын келісіне 150-170 теңгеден қабылдап, флекс өнімін шығарады. Қалдықты өңдеу 3 сатыдан тұрады. Бірінші майдалап, ұсақ қалыпқа келтіріледі. Одан кейін, ыстық және мұздай суда жуылып, толыққанды тазартылады. Ал ең соңғы этапта кептіру жұмыстары жүргізіледі.
Зауыт орта есеппен алғанда тәулігіне 22 тонна пластмасса өңдеуге қауқарлы. Дайын өнім қазіргі таңда тікелей Ресей мемлекетіне экспортталуда. Алдағы уақытта мекеме мамандары флекстен химиялық талшықты алуды жоспарлап отыр. Бұл бастаманы жылдың соңына дейін жүзеге асырамыз деп жоспарлан отыр. Айта кетерлік жайт, мұндай тың жоба Қазақстанда алғаш рет жасалынуда.Сонымен қатар, сала мамандары сусын құтыларының сыртындағы этикеткадан сайдинг жасауға жаңа аппарат ойлап тапқан. Оған қоса,енді жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында тәжірибе ретінде 1500 фондамат әкелінуде. Оның тиімділігі, тұрғындар пластмасс қалдықтарды өзге заттармен араластырмай, таза күйінде фондаматқа салу арқылы жұмыс уақытын тежеуге мүмкіндік береді. Өңірдің кәсіпкерлік қарқынымен танысып жүрген Парламент мәжілісінің депутаттары мұндай жобаның келешегі жарқын деп, сәттілік тіледі.
«GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» ЖШС атқарушы директорының сөзінше бұл жоба құны 6 млрд 800 млн теңгені құрайды. Мекеме 150 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге қауқарлы, ал қазіргі таңда 75 адам еңбек етуде.
