Өзбекстаннан Мақтаарал, Жетісай аудандарына келетін су көлемі ұлғайды, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі. Ауыл шаруашылығының қазынасы саналатын Түркістан облысындағы Жетісай, Мақтаарал аудандарының шаруаларын биылғы қуаңшылық айналып өтпеді. Жыл сайын 110 текше метр су келетін аймақтағы ағын судың көлемі биыл 80 м3/с-қа азайған болатын. Бұл зейнетінен бейнеті басым шаруалардың еңбегін желге ұшырғанмен тең.
Ел экономикасына елеулі үлес қосатын шаруашылықтағы суармалы судың мәселесін шешу үшін 19 шілде күні ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Ш. Хамраевпен Ташкентте арнайы кездесу өткізді.
Нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық арнасымен Мақтаарал және Жетісай аудандарының фермерлеріне келетін судың көлемі 80-нен 90 м3/с дейін ұлғайтылған болатын.
Қос аудандағы жер көлемі 200 мың га аумақты алып жатса, соның 130 мың гектарын шаруашылық жерлер құрайды. Жетісай ауданындағы 80 мың гектар суармалы егістік жерде 10 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін 40 мыңға жуық тұрғынның күнкөрісі осы ауылшаруашылық дақылдарынан алынған өнім көлеміне байланысты.
Фермерлердің басым бөлігі — мақта, бақша дақылдарын өсіреді. Үш күннен бері судың ағысы жоғарылап, барлық егістік алқапқа күнделікті су келіп тұр дейді шаруалар.
Су — тіршілік нәрі десек, өркениетті өмір сүру дағдысы қалыптаса бастаған қазіргідей қоғамда судың рөлі одан сайын арта түсуде.