Түркістан облысының білім ордалары IV тоқсанда оқытудың аралас форматына көшеді. Ал 300 ге дейін оқушысы бар мектептер дәстүрлі жұмыс режимін жалғастырады. Бір сынып –бір кабинет қағидаты бойынша сыныптарда 25 баланы оқытуға жол беріледі. Сабақтың ұзақтығы — 40 мин болады. Сондай-ақ, баланың денсаулығына байланысты ата-аналардың өтінішімен қашықтан оқыту форматына да рұқсат етіледі. Мектептерде оқу процесін ұйымдастыру кезінде барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар қарастырылатын болады.
Асханалардың жұмысы жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша және санитарлық талаптарды сақтай отырып, өңірлік Бас санитарлық дәрігерлердің келісімімен ұйымдастырылады.
Міндетті мектеп формасын киюдің қажеті болмайды, сабаққа еркін және ұқыпты киімде қатысуға болады. Бірінші сыныпқа балалардың құжаттарын қабылдау 1 сәуірден басталады. Айта кетейік енді мектепке 6 жасқа толған балалар да қабылданады.Бұл туралы Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев мәлімдеді.