Биыл Шымкент қаласына келетін туристерге арналған басты нысандардың бірі Ескі қалашықтағы «Цитадель» болмақ. Ол үшін бюджеттен 1млрд. 741 млн. теңге бөлінген. Бұл туралы қаладағы туризм басқармасы БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте баяндады. Сондай-ақ, ТМД-ның мәдени астанасына келетін туристерге қандай жағдай жасалып жатқандығынан хабардар етті, — деп хабарлайды «Айғақ ақпарат» тілшісі.
Қазіргі таңда қала тұрғындарын қызықтырып жүрген Ескі қалашықтағы Цитадель құрылысы. Тарихи орын болып саналатын бұл жердің салтанатты ашылуы осы жылдың маусым айында өтеді деп күтілуде. Жоспарға сәйкес орындалса цитадель – үшінші мегаполистің бетке ұстар орындарының біріне айналмақ.
2020 жылы Шымкентте Цитадель құрылысынан басқа да атқарылуға тиіс шаруалар өте көп. Солардың бірі сәуір айында өтетін «Қызғалдақ» фестивалі. Мамандардың айтуынша, көктемнің символы саналатын қызғалдақ фестивалі халық көп шоғырланатын орын «Арбат» жаяу жүргіншілер көшесінде өтеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта туристерге ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында «Этно Шымкент» қолөнершілер фестивалін өткізу де жоспарланып отыр. Айта кетер болсақ, 2019 жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша Шымкент қаласына 185 мыңнан аса турист келген. Ал, 2020 жылы былтырғы жылмен салыстырғанда туристер саны 30 пайызға артады деп күтілуде. Жоспар орындалса, Шымкентке келер қонақтардың саны көбейіп қана қоймай, жауапты орындарға артылар жүктің де ауырлайтыны анық.