24-маусым күні Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай салдарынан Дермене ауылы, М.Әуезов көшесі 8 үйдің шаңырағы ортасына түсіп, күлге айналған болатын. Туған жерді, қаны бір қазақты аңсап, елге оралған Бахыт Топаловқа баспанасының отқа орануы зор соққы болған. 1-тамыз күні басталған құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Ескі үйдің орны сүріліп, жаңа үйдің іргетасы қаланып, қабырғасы бой көтеруде. Уәде берілгендей, 1-қыркүйекте толық жөндеу жұмыстары аяқталу керек болатын…
Қол байлап тұрғаны, құрылыс жұмыстарына қажетті материалдардың айтылған күні жеткізілмей, құрғақ уәдемен қақтауында. Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, Топаловтар отбасы баспанасын аяқтап, балдай тәтті балапандардың риясыз күлкісі сол үйден естілсе деген тілек біреу.
Дегенмен, Дермене ауылының әкімін бұл мәселе аса толғандырмайтындай. Арыстағы қанша үй қалпына келіп жатқанда, төтесінен 6 шақырым орналасқан Дерменедегі қара шаңыраққа көңіл кем бөлінуде. Әкімнің халқына жақындығын осындай ел басына күн туған шақта білерсің деген.
Бұған дейін, көпбалалы отбасының баспанасына бас сұқпаған Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің бұл мәселені өз назарына алуын сұраймыз!