«Шуақты өлкеде іскер, батыл, жаңашыл кадрлар жеткілікті болатын. Солардың бірі — Бәйдібек ауданының түлегі Әбілдабек Шардарбеков еді. Бүгінгі күннің білікті кәсіпкеріне айналған Әбілдабек көптеген игілікті істердің демеушісі» деп қоғам қайраткері, Еңбек ері Асанбай Асқаров кезінде өзіндік бағасын берген. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы — 11 қараша күні мәңгілікке о дүниеге кете барды. 75-ке қараған шағында дүниеден озған Әбілдабек Шардарбековтің елі үшін атқарған еңбегі еселі еді. Ол бұрынғы Алғабас, қазіргі Бәйдібек ауданында партком хатшысы, ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, совхоз директоры қызметтерін атқара жүріп, өз іскерлігімен, адалдығымен, туған жерінің өсіп-өркендеуіне құштарлығымен таныла білді. Азамат ретінде, өз ісіне жетік маман ретінде, қазіргі нарықтық экономиканың хал-жағдайын ерте түсінген, түсініп қана қоймай оны жүзеге асыруда еңбек сіңіріп жүрген кәсіпкер ретінде ел сыйлайтын елеулі тұлға, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» болатын.
Әбілдабек Шардарбековті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 13 қараша күні сағат 10-00-де Бәйдібек ауданы, Шаян ауылындағы өз шаңырағында өтеді.