Қыркүйектің 7-күні облыс орталығында «Студенттік шақ» фестивалінің тұсауы кесілді. Жастар саны басым облысымызда айтулы іс — шара өзіндік бір мереке десек те болады. Әрбір жоғары оқу орындарының студенттері атсалысатын фестивальді ұйымдастырудағы мақсат – шағармашыл жастарды анықтау, бұқараны салауатты өмір салтына бейімдеу, сондай-ақ, студенттердің белсенділігін арттыру болып табылады.
Бүгінде Оңтүстік халқының 30 пайызын жастар құрайды. Олардың қатарында әсіресе студенттердің үлесі басым. Сондықтан әр жыл сайын өткізілетін «Студенттік шақ» фестивалі білім ізденушілердің қоғамдағы рөлін арттыра түседі. Сонымен қатар, болашақ маманның оқу жылдарындағы өмірінің естен кетпестей қызықты өтуіне мұрындық болады.
Бірнеше бөлімнен тұратын іс-шараның алғашқысы спорттық сайыстарға арналған. Командалық бәсекеде арқан тарту, футбол, волейбол, эстефателық ойындар өткізілді. Мұндағы көзделген мақсат елдің болашақ азаматтарын жас кезден-ақ спортқа баулу. Әрбір оқу орындарынан келген студенттер өзара бақ сынасумен қатар, оқу орындарының достық қарым-қатынасын нығайта түседі.
Әбдімүтәлі ЖҰМАШ