Ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздар мен ата-ананың басты міндеті. Кез келген ата-ана өз баласының жан-жақты білімді бәсекеге қабілетті, болашақта білікті маман болғанын қалайды. Ал, мұндай жетістікке жетер жолдың бастауы – мектеп, сол мектепте берілген білім жеткіншектің бар тірлігінің қайнар бастауы болып табылады. Сайрам ауданына қарасты №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының 1979 жылғы түлектері екі бірдей кабинетті заманауи құрал-жабдықпен қамтып берді.
50 жылдық тариxы бар оқу ордасында 1378 бала білім алуда. Ел болашағы білімді жастар деп білетін Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Абдурашит Омаров сыныптастарының басын қосып, игі істі ұйымдастырып отыр. Мектеп оқушылары халық қалаулысының игі ісіне алғыс ретінде сәні мен салтанаты келіскен концертті арнау етті.
Саxна төрінде сөз тізгінін алған 1979 жылғы мектеп түлектері балалық шақтағы қызық сәттерін еске алып, өмірлік өнегелі сөздерін айтып, білімді ұрпақ болуға шақырды.
Әрдайым жақсылыққа жаны жақын Абдурашид Омаров ел арасындағы кез келген қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып тұрады. Бүгінгі лентасы қиылған екі кабинет мектеп оқушыларының сапалы білім алуында маңызы зор.