Бүгін Ауған соғысының аяқталған күні. Осыдан тура отыз бір жыл бұрын 15-ақпанда Кеңес бітімгерлік күштерінің соңғы сарбазы ауған жерін тастап шықты. Алайда, көптеген сарапшылар мұнымен соғыстың аяқталмағанын айтады. Себебі, ол жерде жүздеген сарбаз тұтқында қалған. Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны – 22 мың 269 жауынгер. Сол соғыстың даласында Қазақстан 924 боздағынан айрылды. Жар құшып, бала сүйіп үлгермеген 1015 ержігіттер елге мүгедек болып оралса, іс-түзсіз кеткендер де бар.
Кеңес үкіметі келмеске кетсе де, бұл дата ТМД елдерінде жыл сайын аталып өтеді. Өйткені осы соғыста бір атаның баласындай бірігіп, бітімгерлік үшін күрескен батырларға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың борышы.
Шымкент қалалық ауған және жергілікті соғыс ардагерлер Одағының Төрағасы Ғалымжан Майханов «Айғақ» телеарнасына арнайы сұхбат беріп, ақпараттармен бөлісті. Ауған соғысына Шымкенттен 600-ден астам адам қатысып, 30-40 пайызы түрлі топтағы мүгедек болып оралған.
«Айғақ-ақпарат»