«Халқымыз жаман аурудың атын атамайды» — деп Зульфия Бекмырзақызы өз әңгімесін бастады. Бірнеше жылдар бойы Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық аналар кеңесін басқарған анамыз қазіргі таңдағы ахуалға қатты алаңдаулы. Тек алаңдап қана қоймай, Алладан күні-түні елдің амандығын сұрайды. Өзгелерге де үндейтіні осы. Үйінде отырып алып, жоқтан өзгені сөз еткенше, қолдан келгенше рухани көмек көрсетуге шақырады.
Ал, рухани көмек деп отырғанымыз не? Аналарды басқарған ақ жаулықты әжеміздің айтуынша, бұл бағзы замандардан келе жатқан «бәдік» айту екен. Бәдік десе, ойымызға бірден айтыс келері анық. Ата-бабаларымыз «бәдік айтысты» ел басына күн туып, жаман ауру келіп, дертке шалдыққанда айтқан екен. Бұл үрдістің кейіннен ауқымы кеңейіп, өлең немесе қара сөзбен де айтылған. Солардың сақталып қалған қазіргі таңдағы бір нұсқасы осы.
Аққан сумен кет
Қараңғы түнмен кет
Таудан ары асып кет
Енді келмейтін, бітіп жатқан жылмен кет
Кет, кет, пәлекет жерге кет…
Осылайша, «бәдік» айтып, індетті алыстату керек,- дейді Зульфия Бекмырзақызы. Оның атын айтып, жаһанға жар салудың қажеті жоқ. Атын атаған сайын көбейеді деген ырым бар. Керісінше, тек «індет», «дерт», «ауру», «жаман ауру», «жаман тұмау» деген сияқты баламаларды ғана қолданған дұрыс. Себебі, тарихты ашып қарап, әдебиетке жүгінсеңіз де дәл осындай пікірлерді жиі кездестіресіз. Сондықтан да жамандықты алыстатып, жақсылықты шақырғанымыз дұрыс.
Қаратау аудандық аналар кеңесі төрайымының пікірінше: «Әлемдік індетке қарсы тұрар біздің бір ғана амалымыз бар. Ол үйде отырып, өз-өзімізді сақтау. Жақындарымыздың амандығы үшін күні-түні жаратушыдан тілек тілеу ғана. Қалғаны уақыт өте келе, амандық болса орындала жатар. Бастысы сабыр сақтайық! Біз біргеміз, сөгілмесін іргеміз» — дейді Зульфия Бекмырзақызы.
Арна тілшісіне арнайы сұхбат берген Зульфия Бекмырзақызының айтуынша, жамандықтың атын атамау туралы бала кезден естіп өскен екен. Ата мен әженің тәрбиесін алып, жүрекке тек жақсы ой қалыптастыруды үйренген. Ал, қазіргі мақсаты – бойына сіңген сол жақсылықты ұрпақтарына бағыт-бағдар етіп көрсету.
Сұхбатты жүргізген «Айғақ» телеарнасының тілшісі Жанар Әуез.