Ақын Аманхан Әлімұлы дүниеден озды. Бұл туралы суыт хабарды әріптестері әлеуметтік желілерде жариялады. Биыл 68 жасқа толған ақын Отырардың төл перзенті болатын.
Ол 1952 жылы 20 қаңтарда Қожатоғай ауылында туған. 1969 жылы аталған ауылдағы Аманкелді атындағы орта мектепті бітірген. 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика, 1993 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық М.Горький атындағы әдебиет институтының жоғары курсын бітірген. Бірнеше жыр жинақтарының авторы. Оның ішінде «Кездесу» (1983), «Жанымның жапырағы» (1989), «Ай нұры алақанымда» (1996) секілді өлең кітаптары да бар.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, сыншы Аманхан Әлімнің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасында жазды.
Ақын, сыншы, әдебиетші, публицист Аманхан Әлімнің қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.
Аманхан Әлімұлы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі еді. Сонымен қатар ол отандық журналистиканың дамуына да өлшеусіз үлес қосты. Қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейінгі жолдың бәрінен өтті. Ол ұлттың өсуіне, әдебиеттің дамуына кедергі болатын кері әрекеттердің барлығын сын садағына ілді.
Аманхан Әлім қазақ руханиятының көкжиегін кеңейту үшін ақиқаттан айнымаған қайраткер қаламгер еді.
Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, — делінген хабарламада.
«Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Заң» газеттерінде еңбек еткен Аманхан Әлімұлы 2012-2020 жылдар аралығында «Ақиқат» журналының бас редакторы болып қызмет атқарған. Бүгінгі күнге дейін «Ақиқат» журналының шолушысы болды. Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың және «Құрмет» орденінің иегері