Шығыс Қазақстан облысы жазушы Оралхан Бөкейдің туған аймағы. Сондықтан бұл өңірдің орталығы Өскемен қаласы талант иесін тағы бір асқақтатуды жөн санапты. Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада жазушының шығармашылығына тікелей қатысты әдеби зал ашылды. Заманның ағымына сай жасақталған бұл зал бұрын-соңды болмаған.
Алтай шыңындай асқақ тұлға, жарық жұлдыз, шығыс шынары… Керемет теңеулерге лайықты жазушының әруағы бір аунап түскен болар. Өйткені салтанатты шараға шақыртылған қонақтар естеліктер айтып, Оралхан Бөкейді еске алды. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар, Алматы қаласынан ат терлетіп барған Ғалия Бөкейқызы, Шыңғыстай ауылынан келген туысы Исаханов, ақын Қалқаман Сарин тағы басқа қайраткерлер қатысты. Тұңғыш рет ашылып отырған Оралхан Бөкей атындағы әдеби зал болашақ ұрпақтың әдебиетке деген махаббатын оятады.
Қазақ көркем сөзінің хас шебері Әбіш Кекілбайұлы: «Оралхан өмірге шыр етіп түскенде, таланттың топырағы бұрқ етті» депті. Шарадағы көрмеге О.Бөкейдің қолжазбалары мен болгар, эстон, ағылшын, қырғыз, неміс, жапон, француз, сондай-ақ басқа да шетел тілдеріне аударылған кітаптары және суретшілер Б.Урманче мен Б.Исиннің туындылары қойылған.
Жағымды жаңалықтың тағы бірі — «BOKEY.KZ» сайты іске қосылды. Онда жазушы туралы деректер топтастырылып, шығармалары салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ Ресей жазушысы, аудармашы А.Ким жолдаған бейнеқұттықтау көпшілік назарына ұсынылып, «Еске алыңдар, сол қалпымда мені…» атты кітап көрмесі, фотосуреттер таныстырылды.
«Айғақ» ақпараты