ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиацияны дамыту мәселелері және әуе билеттерінің бағасын одан әрі төмендету шаралары қаралды.
Саладағы жағдай туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ көлік және логистика жөніндегі басқарушы директоры Қ. Алпысбаев, ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, «Эйр Астана» АҚ президенті П. Фостер баяндады.
Қазақстанда жолаушыларды авиа тасымалдау көлемі өсуде — осы жылдың 8 айында азаматтық авиацияда 5,6 млн жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға артық.
Ұшу географиясы кеңейтіліп жатыр — Қазақстан 99 халықаралық бағытта 24 шет елмен әуе қатынасын жүзеге асырады, соның ішінде 2019 жылы Нұр-Сұлтаннан Токиоға, Прагаға, Ұлан-Батырға бағдарлар ашылды. 9 әлемдік қаржы орталықтарымен тұрақты әуе қатынасы орнатылған.
Авиа билеттердің бағасын төмендету мақсатында арзан бағалы әуе компаниясы – «FlyArystan» лоукостері ашылды, онда осы жылдың мамыр айынан бастап 450 мыңнан астам билет сатылды, олардың 60%-ға жуығы 10 мың теңгеге дейін минималды тарифтер бойынша сатылған. Жақын уақытта Нұр-Сұлтаннан Павлодар, Семей және Шымкент қалаларына билет бағасы 5999 теңгеден басталатын жаңа рейстер ашылады. Павлодарға опциондық тарифтер 999 теңгеден бастап сатылуда. 2020 жылдың соңына дейін лоукостер Мәскеуге халықаралық байланыстар аша отырып, көптеген өңір орталықтарына ұшатын болады.
«Самұрық-Қазына» АҚ көлік және логистика жөніндегі басқарушы директоры Қ. Алпысбаевтың айтуынша, «FlyArystan»-ның орташа тарифі 1 км-ге Еуропалық лоукостерлер тарифтерінен 4 есеге төмен.
Биыл қазақстандық МӨЗ-дерді жаңғыртудың арқасында авиациялық отын өндіру көлемі 2018 жылғы өндіріспен салыстырғанда 694 мың тоннаға немесе 1,8 есеге өсті. Бұл отандық мұнай өңдеу зауыттары есебінен ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Халықты сапалы, қауіпсіз және қолжетімді авиа қызметтермен қамтамасыз ету – Елбасы мен Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған маңызды міндеттерінің бірі», — деді А. Мамин.