Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданының шаруаларымен кездесті. 20 жылдан астам уақыт егіншілікті кәсіп еткен «Ақ-Орда-Б» ЖШС-і биылдан бастап жылына 2 рет егін жинауды қолға алған, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ерте көктемде Голландиялық картоп егіп пайда көрген кәсіпкер артынша қырыққабат отырғызған. Облыс әкімі бұдан кейін 130 гектар жерде жаңа технологиямен, сусыз қарбыз өсірген мамандардың жұмысымен танысты. Олар алдағы уақытта 40 гектардан жиналған қарбыз дәнін АҚШ-қа экспорттауды жоспарлап отыр. Шетелдіктер дәл осы қарбыздың дәнін косметика индустриясында пайдаланады, дейді шаруалар. Алайда Ө. Шөкеев кәсіп иелеріне еңбекпен келген дүниені ысырап етпей, қарбыздың шырынын өңдеп, қалдықсыз өнім шығаруды қолға алуды тапсырды.