Бүгін алтыншы шақырылған Жамбыл облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз бесінші сессиясы өтті. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрадин Ракай өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Сессияға 34 мәслихат депутатының 27-сі қатысқан.
Сессияға арнайы келген ҚР Президенті әкімшілігі мемлекеттік басқару және аумақтық ұйымдастыру жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов ҚР Президентінің жолдаған хатын оқып берді.
Халық қалаулылары Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысын қарады. Мемлекет басшысынан келген құжатта Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына сәйкес, Жамбыл облысы әкімі лауазымына Асқар Исабекұлы Мырзахметов кандидатурасын қарау ұсынылған.
Дауыс беру кезінде халық қалаулылары бірауыздан Асқар Мырзахметовты қолдап, облыс әкімі лауазымына тағайындалуын мақұлдады.
Өз кезегінде, қызметіне қайта тағайындалған облыс әкімі Мемлекет басшысы мен Мәслихат депутаттарының артқан сеніміне ризашылығын білдірді.
«Айғақ-ақпарат»