«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын». Қанатты сөздің мағынасына үңілсеңіз мал — жалған өмірдің байлығы, ал егілген ағаш сауапты іс екенін меңзеп тұр. Аталы сөзді ұғынған азамат Өркен Есей тұрмысы жайлы, табиғаты тамылжыған туған жерін көгалдандырды. Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылдық округінде енді «Павловния» ағашы өседі. Әлемдегі ең жылдам өсетін бұл ағаштың көшеттері қайдан келді?
Кез-келген ауылға қарап, ол аймақтан шыққан азаматтың қандай екенін аңғаруға болады. Абыройы, қызметі, қалтасын қомпайтқан қаржысы бола тұра кіндік кескен жерінен жырақ кеткендерден не пайда? Бірақ Түлкібас ауданы, Машат ауылдық округінің тұрғындарына қызыға да, қызғана қарайсыз. Өйткені, Өркен Есей секілді арқа сүйер азаматтары бар. Түркістан облысы мәслихатының депутаты осы аймақта дүниеге келген. Туған жерге туын тігіп, өскен-өнген мекенін көркейтіп жүрген нағыз кәсіпкер. Балалық шағының бал күйін шерткен, әкесі мен анасы тер төккен, бауырлары тұратын елді мекенге бұл жолы ағаш екті. Тірнектеп жиған өз қаражатына Қытайдан 10 мың түп «Павловния» атты ағаш көшеттерін алдыртып, ауылдағы ағайынмен асарлатып отырғызды.
Әлемдегі ең жылдам өсетін бұл ағаш туралы бұрын-соңды естімеген болсаңыз тарқатайық. Көшеттің түп тамыры – Шығыс Азияға тиесілі. Қытай, Жапон, Корея, Үнді елдерінде көп өседі. Жылына екі метрден бес метрге дейін өсетін павловния — қатты ағаш. Күтімді қажет етпейтін, суға төзімді ағаш үлкен көлемде гүлдеп 6 аптаға дейін тұрады екен.
Қазір пайдаланып жүрген ағаштарымыз күннің қатты ыстығында өртеніп жатады. Ал, павловния 400 градус ыстықта ғана жанады екен. Сондықтан дамыған Жапон халқы үйіндегі жиһаздарын осыдан жасайды. Өрт болған жағдайда заттарын сақтап қалу үшін. Одан бөлек, бұл ағашпен қайық, шаңғы, теннис ракеткасын, музыкалық аспап тағы басқа бұйымдар жасайды. Тез өсетін және ең әдемі ағаш көшеттері егер жерсініп, өніп кетсе онда тұлпарлар туған Түлкібас ауданындағы саябақтар екі-үш жылдан кейін гүлденбек. Қазір Машат ауылдық округіндегі биік қырға, Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектептің маңайына егілді. Депутат, кәсіпкер Өркен Есейдің бұл жағымды жаңалығы. Рухани жаңғыру деп міне осыны айтуға болады.
Арқа тұтар азамат Өркен Есейдің қарапайым қалпынан танбай, ауылдан шыққан аңғал екендігі таңырқатты. Аймақтағы ағайындарды тайлы-таяғымен асарға шақырып, көшеттің соңғысы егілгенге дейін басы-қасында жүрді. Шетелден алдыртқан 10 мың түп павловния ағашына қомақты қаражатты жұмсаған. Түркістан облысы мәслихатының депутаты қайырымды тірлігімен, қайсар жастарға үлгі көрсетті.
Сондай-ақ, бұл ағаштың көшеттері Машаттағы мешіттің маңайына да егілді. Иә, ағаш отырғызу бір жағынан сүннет болса, екінші жағынан қоршаған ортаға, ертеңгі ұрпағыңа пайдасы зор. Сауабы мол іске ауылдағы ағайын жұмыла кірісіп, жүкті жеңілдетті. Ендеше шаруасы келіскен ағайынның еңбегі рәтті болсын!