Шымкентте ауыр салмақты жүк көліктері қатаң бақылауға алынбақ. Ол үшін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен «Жол картасы» бекітілді. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы бойынша көлікті бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов баспасөз жиынында айтып берді.
Шымкент қаласына Республикалық мәртебе берілгеннен кейін 2018 жылдың қыркүйек айынан Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы құрылған болатын. Инспекцияның міндеттерінің бірі — көліктегі қауіпсіздікті және жолдардың сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Мамандар 2018 жылдың тиісті кезеңінен бері Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан 516 әкімшілік құқық бұзушылық анықтап, 75 млн. 789 мың теңгеге әкімшілік айыппұл мен жол жүру алымдары өндірілген. Оның 60 пайызы инертті материалдарды тасымалдауға бейімделген карьер автокөліктері екендігі анықталды.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 2811 шақырым автомобиль жолдары бар, осы жолдармен ауыр салмақты Хово, Шансиман секілді және тағы басқа жүк көліктері белгіленген нормадан артық жүк тасымалдауды жүзеге асыруда.
«Айғақ-ақпарат»