Күні кеше Түркістан қаласы полиция басқармасының ұйымдастыруымен қызметтік міндетін атқару үстінде ерлік көрсетіп, өмірден өткен Шалқар Ақымғалиевтің рухына тағзым етіліп, ас берілді. Шараға ТО ПД-нің бастығы, полиция полковнигі Қ.Далбеков пен Түркістан ҚПБ-ның жеке құрамы қатысты.
Еске сала кетсек, полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев Атырау облысында суға кетіп бара жатқан әйелді құтқарамын деп ерлікпен қаза тапты. Ол өзіне қол жұмсамақ болған әйел үшін өзін қайсарлықпен мұзды суға қойып кетті. Ол әйелді Шалқардың серіктесі жағаға шығарып алды, ал жас полицейдің денесін оқиға болған жердің төменгі жағынан тауып алды. Шалқар Ақымғалиев тірі болғанда 25 жасқа толар еді. Жас азамат көпбалалы отбасында тәрбиеленген және жанұяның жалғыз асыраушысы болған.
Түркістан қаласы полиция басқармасы жұмыс бабында өмірден өткен Шалқар Ақымғалиевті құрметпен еске алып, рухына құран бағыштап, 200 дей адамға ас берді.
Сонымен қатар облыстық полицейлер бірауыздан ерлікпен қаза тапқан әріптестері Шалқар Ақымғалиевтің отбасына 1000 000 теңге аударуға келісті. Жас полицей Ш.Ақымғалиевтің есімі Түркістан облысының тәртіп сақшыларының жадында мәңгі сақталады.
Түркістан облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.