Шымкент қалалық сотта Шымкент қаласындағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қатысумен Қазақстан Судьялар одағының Шымкент филиалының қолға алуымен «қайырымдылық жобасын» таныстыру шарасы өтті, деп хабарлайды Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.Жиынды Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рақымбеков ашып, «Жетім көрсең жебей жүр» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, қаланың судьялары мен сот мамандары тоқсан сайын өздерінің бір күндік жалақысын №4 балалар үйі тәрбиеленушілерінің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» жеке жинақ шоттарына аударатын болды.» деді.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Судьялар одағының Шымкент филиалының төрағасы Айдос Сұлтанов, Шымкент қаласының соттары бес жылдан бері Шымкент қаласындағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа алып, оларға әр мереке сайын материалдық көмек көрсетіп келеді және балалардың көңілін көтеруге атсалысып, оларға сыйлықтар апарып тұратынына тоқталып өтті.
Жиында балалар үйінің тәрбиеленушілері Баян Алимбетова мен Александра Пустовойтова: «Біз үшін, бұл бастаманың маңызы өте зор. Себебі, біз енді болашағымызға сеніммен қарайтын боламыз!» деп, судьяларға алғысын білдірді.
Шара соңында Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов: «Бұл жерде тағдырдың тауқыметін тартып, өмірдің қиыншылығын көріп, ата-ананың қамқорлығынсыз өсіп келе жатқан балалар тәрбиеленуде. Солай болса да, әрбір бала білім алып, материалдық жағынан қамтамасыз етілуі керек. Өйткені, балалар – мемлекетіміздің болашағы. Бұл қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін оның жеке шотына аударылып, тұрғын үй сатып алу үшін жинақталады»-деп қадап айтты.