Журналистер тарапынан жасалған сауатты, орынды ұсыныстар мемлекеттік құжаттарға енгізілуі тиіс.
Бүгін Сенат депутаты Дариға Назарбаева республикалық байқауда жүлделі болған тілшілерді марапаттау рәсімінде осындай ұсыныс айтты. «Бұл отандық журналистиканың деңгейін көтеруге ықпал етеді», – деді сенатор. Айта кетейік, биыл «Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» байқауына 564 туынды келіп түсті. Оның ішінде «Үздік телевизия материалы» аталымында Ержан Қалымбайұлы үздік шыққан. Жеңімпаздар барлығы 5 номинация бойынша марапатталды.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Материалдарды жақсылап қарастырып, маңызды ұсыныстар болса, оны мемлекеттік құжаттарға енгізу керек деп санаймын. Сонда журналистиканың деңгейі одан да биік болады. Журналистерді Астанада ғана емес, әкімшілік, әрбір облыста, қалада, ауылдық жерлерде әрқашан қолдап отыру керек. Ержан
Қалымбайұлы, «Үздік телевизия материалы» аталымының жеңімпазы:
– Журналистерді қалай қолдаса да, жарасады деп ойлаймын. Өйткені біздің әріптестеріміз еліміздің қалыптасуы, санамыздың орнығуы, озық елдердің қатарына қосылу, рухани жаңғыру бойынша көптеген жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бүгін жүлде алған әріптестерімді құттықтаймын.
Дереккөз: 24.kz.