Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні қарсаңында Париж қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұсынылаған «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдени-этнографиялық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында танымал қазақстандық сәнгерлер — «Зекен Мода» брендінің негізін қалаушы Қайролла Әбішев, «Аспара» сән үйінің негізін қалаушы Айдархан Қалиев пен зергер-суретші Нұрдос Әліасқаров өз коллекцияларын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев өз құттықтау сөзінде қазақ халқының бай және бірегей тарихи мұрасын жандандыру және Қазақстанды жаңғыртуға арналған «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты Елбасының бастамаларын халыққа таныстырды.
«1 желтоқсан күні, біздің еліміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өтеді. Біздің халқымыз өзінің көшбасшысы мен реформаторына үлкен құрметпен қарайды. Оның стратегиялық көзқарасының арқасында Қазақстан әлемдегі ең серпінді экономикалардың біріне айналып, халықаралық аренада өз орнын нығайтуға және өз мәдениеті мен құндылықтарын ілгерілетуге мүмкіндік алды. Қазіргі кезде Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында өңірлік және ғаламдық мәселелерді шешуге үлес қосып, жауапты, сенімді талап ететін серіктес ретінде құрметке ие», — деді Қазақстан Елшісі.
Ежелгі дәстүрлердің үйлесімді бірігуі мен жаңғыруы және рухани жаңарту тақырыбы бойынша көрсетілген коллекцияларды көрермендер қошеметпен қарсы алды. Мерекелік шара барысында өнер көрсеткен белгілі «Бастау» домбырашыларының дуэті және халық әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова, сондай-ақ қонақтарға жайылған дәстүрлі қазақ дастарқаны еліміздің ұлттық ерекшелігін танытты.
«Болашағы жарқын Қазақстан халықаралық беделін нығайта отырып, тұрақты және мақсатты түрде алға жылжып келеді. Қазақстан Президенті Н. Назарбаев мырза бұл жолда үлкен жұмыс жасады. Ол кісінің көрегендігі мен прагматизмінің арқасында мемлекет бүгін қарқынды дамып келеді. Президенттің көпэтникалық халықтың мәдениетін жандандыру және бірлігін нығайту жөніндегі бастамалары мемлекеттің басты бағыты болып табылады» — деді «Vladi France Conseil» компаниясының директоры, «Дипломатиялық жаршы» атты журналдың бас редакторы Дидье Видаль.
«Бүгінгі көрген дизайнерлердің ерекше талғамы бар, жалпы мен сәнгерлердің бұл жағын аса бағалаймын. Шығармашылықта бірегей тәсіл мен ерекше идеяларды ұнатамын. Бірегей ерекшелігімен көзге түсетін жасампаз адамдармен кездесуді әрқашан қызыға күтемін», — деді «Oriental Fashion Week» президенті, дизайнер Хинд Джудар.
Бұл шара Елшілік бастаған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға бағытталған «Франциядағы Қазақстан күзі» атты мәдени маусымды қорытындылады. Бұл жоба еуропалық қоғамдастықтың қазіргі заманғы өнердегі даму процестерінің жоғары деңгейін көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік берді.