— Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен туризм саласындағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентімен жүздескенде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы табысты өткенін айтты. Кездесу барысы өңіраралық ынтымақтастығының XV форумымен жалғасты. Туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған форумға екі елдің өңірлері мен облыстарының басшылары, салалық мемлекеттік органдар мен іскер топтар өкілдері қатысты.Қазақстан Президенті іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бұл форум тиімді мемлекетаралық алаң ретінде танылғанын атап өтті.Шекара маңы ынтымақтастығы форумы аяқталған соң Қазақстан және Ресей Президенттері оқу үдерісінде инновациялық және озық технологиялар қолданылатын оқу кабинеттері мен зертханаларды аралап көрді.Екі ел басшылары оқушылармен әңгімелесіп, олардың жұмыстарымен танысты.
— Шымкент қаласына арнайы іс-сапармен Білім және ғылым вице-министрі Ботагөз Асылова келді. Шымкентте алдағы уақытта салынатын жекеменшік мектептерге қаржы бөлінетінін мәлімдеген вице-министр алдымен шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовпен кездесті. Жүздесу барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі, Шымкент қалалық әкімдігі және қалалық өңірлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшыларымен үш жақты келісімге қол қойды. Жиын барысында демографиялық өсімі күннен күнге артып келе жатқан мегаполиске жатақханалар мен мектептердің қажет екендігі айтылып, талқыланды. Сондай-ақ, мектеп салу мәселесінде инвесторларды тарту жағдайы да айтылды. Жиын Шымкент қалалық білім басқармасында жалғасты.
— «Жыр жазуға бір қазақтай қахым бар». Аталған тақырып аясында Төлеби ауданына қарасты Майбұлақ елдімекенінің тумасы, қоғам қайраткері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болған Қуаныш Төлеметовті еске алуға арналған әдеби кеш өтті. Салтанатты шараның негізгі мақсаты ел ағасының өнегелі өмір жолын бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау.
— Келес ауданына қарасты «Қошқарата» емханасында балалар педиаторы жоқ. Күнделікті қабылдауға келетін 50 науқасты емханадағы 2 дәрігер қарайды. Сондай-ақ, №73 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясында 600-ден астам оқушылар IT сыныбында білім алуда. Келес ауданындағы білім ошақтары және емхана жағдайымен тілшіміз арнайы барып, танысып қайтқан болатын.
— Адам баласына өзінің туған жерінен артық мекен жоқ. Соның ішінде адами болмысымызды қалыптастырып, тұлға етіп түлететін мектеп әрбіріміз үшін ыстық ұя. Жетістікке жеткен адам әуелі әліппені ұстатқан білім ордасымен мақтанып, дүйім жұртқа жариялап жатады. Мақтауға лайықты мекеменің бірі Ордабасы ауданындағы Шұбар жалпы орта мектебі. Аптаның соңғы жұмыс күнінде кәсіподақ жиын өткізіп, білім мекемесінің бірқатар ұстаздары марапатқа бөленді
— Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Қазығұрт ауданының 90 жылдығына орай компазитор Аян Қожанов өзінің шығармашылық кешін өткізді. Көптен күткен кештің шымылдығын Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Сейдулла Сеңгірбаев ашып берді. Кеште сазгердің осы кезге дейін жазған 16 әні халыққа ұсынылды. Әндерді көрерменге әсерлі етіп жеткізген еліміздің танымал жұлдыздары Бауыржан Исаев, Ақбота Керімбекова және Біржан Назаров секілді әншілер болды. Алғыс пен қошеметке бөленген сазгер шығамашылық кешінде Қазығұрт ауданының 90 жылдығы және Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Елеулі еңбегі үшін» медальдерімен марапатталды.
— 2018 жылдың 5 қараша күні облыс полицейлері жол жүру ережесін бұзған «Фольксваген» автокөлігінің жүрігіушісін тоқтатпақ болады. Алайда заңға бағынғысы келмеген жүргізуші оқиға орнынан жасырыну мақсатында, бағдаршамның қызыл түсінен өтіп, көлігін тастап, жасырынбақ болған сәтінде ұстаған. Тексеру барысында оның көлігінен аңшылық қару мен сіріңке қорабына салынған марихуаннаға ұқсас өсімдік тәркіленген. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК –нің 287 бабы «Қаруды, оқ дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын, заңсыз иемдену, беру, өткізу сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.