— Түркістанда халықаралық журналистер форумы өтті. Жаңа ақпараттық кеңістік деп аталатын басқосуға түркі тілдес елдердің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдардың жетекшілері қатысты. Форумның басты мақсаты мемлекеттер арасындағы ақпараттық ынтымақтастықты арттыру және өңір журналистикасын дамытудағы тың идеяларды жүзеге асыру болды.
— 2018 жыл Бәйдібек ауданының тарихында елеулі жыл есебінде қалмақ. Өйткені ауданның құрылғанына биыл 90 жыл. Қаратаудың бауырында орналасқан киелі Бәйдібек ауданы мерейтойын қарашаның бірі күні тойлауда. Дамудың даңғыл жолына түскен ауданның торқалы тойына Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев және осы өңірден түлеп ұшқан түлектер, елге белгілі азаматтар арнайы келген. Іс-шара Бәйдібек Қарашаұлының ескерткішіне гүл қою рәсімімен ашылды. Мұнан соң Ж.Түймебаев Шаян ауылындағы жабық теннис корты мен жабық жүзу басейннінің ашылу салтанатына қатысты. Жалпы Шаян елді мекеніне шетелдік инвесторлардың есебінен құны 1,3 миллиард теңгеге нысан құрылыстары жүргізілген. Мереке күні лентасы қиылған бірқатар нысандардың ашылу салтанатынан соң, белгілі азаматтардың бас қосуымен «Шежірелі Шаян, Берекелі Бәйдібек» атты форум өтті. Онда Ж.Түймебаев ауданның әлеуетін көтеріп жүрген азаматтарды алығыс хаттармен марапаттады. Торқалы той өнер жұлдыздарының гала концерті және түнгі от шашумен аяқталады деп жоспарлануда! Ауданның мерейтойында түсірілген бейнематериалдың толық нұсқасын ертеңгі жаңалықтарымыздан көре аласыздар!
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте жалақы өседі. Жалақыны көтеру кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Мәселен, бір кәсіпорындар қараша айынан бастап көтеруге әзір болса, кейінгісі желтоқсан немесе келер жылдан бастап көбейтпек. Осы және баға өсімінің әсері жөнінде мегаполис басшылары қаладағы алып кәсіпорындардың директорларымен кездесті. Естеріңізде болса, Елбасы қазан айында мәлімдеген Жолдауда ең төменгі жалақы 42 мың болсын деп тапсырған болатын. Бұл бастаманы барлық компаниялар қолдайды деп үміт артты. Миллионды шаһардың әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кездесуге қатысқан 70-тен астам кәсіпкерге еңбекақы жөнінде уәделесті. Азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарларға бағаның өсуі мәселесі де жеке талқыланды. «Баян сұлу» сауда үйінің иесі жалға беру құнын көтермейтінін, бағаны тұрақтатуға мүмкіндік жасайтынын айтты. Қаладағы ірі базар басшылары да өз кезегінде бағаны ұстап тұру үшін қажетті шаралар қолдануға уәде берді. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің жанына штаб құрылды. Онда ірі сауда орталықтарының басшыларымен бағаның өсуіне жол бермеу мәселесі бойынша жұмыс жасалмақ.
— Түркістанда халықаралық медиа орталық ашылды. Бұл қадам өңірдің түркі әлемінің рухани әрі ақпараттық алаңына айналуына серпін бермек. Салтанатты шараға Түркия, Әзірбайжан, Татарстан және Қырғызстан елдерінен келген ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты. Облыс әкім Жансейіт Түймебаев жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
— Енді емханаларға ұялы телефон арқылы тіркеліп, ұзын-сонар кезек күтпей-ақ емделуіңізге мүмкіндік бар. Яғни, өзіңіздің тіркелген медициналық мекемеге барып қолыңыздағы байланыс телефонға арнайы ақпараттық жүйені жүктейсіз. Сосын өзіңізге ыңғайлы уақытта, таңдаған дәрігеріңізге барып емге кірісесіз. Бұл дәрігер мен науқастың уақытын үнемдеуге тиімді.
— Елімізде жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде – Әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтіледі. Осыған байланысты Шымкент қаласында әлеуметтік қызметкерлерді құттықтау мақсатында іс-шара өтті. Онда аталмыш салада еңбегі сіңген қызметкерлер алғыс хаттармен марапатталды.
— Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында егемен еліміздің өсіп- өркендеуі жолында айқындап берген басымдықтар ішінде ұлт денсаулығына айрықша көңіл бөліп келеді. Міне осы бағыт аясында Қазығұрт аудандық орталық ауруханасында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Яғни 107 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін мекемеде медициналық қызмет түрлерін цифрлық жүйеге қосу бойынша да кешенді жұмыстар атқарылып отыр. Сонымен бірге кейінгі жылдары заманауи үлгідегі медециналық жабдықтармен қамтылып бірқатар көрсеткіштер бойынша оңды нәтижеге қол жеткізіп отырған аурухана жұмысын әрмен қарай тілші сабақтайды.
— Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкенттегі филиалында «Жұлдыздардың ХҚКО-дағы бір күні» атты республикалық акциясы өтті. Бұл күні отандық эстрада жұлдыздары Халыққа қызмет көрсету орталығындағы операторларының жұмысына кірісіп, келушілерге электронды кезек талонын ұсынды.