— Бүгін 50 жылдан астам ғұмырын білім саласына арнаған білікті ұстаз, ғалым, академик, профессор, қоғам қайраткері Әбдімұса Қуатбековты туған туыстары мен замандастары ақтық сапарға шығарып салды. Қабырғаны қайыстырған қаралы митингке қалың көпшілік жиналды. Халықтар достығы университетінің іргетасын қалаған ел ағасын, өзінің туған жері Арыс ауданында жер қойнауына тапсырды.
— Түркістан облысы әкімдігінде облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде өңірдің қыс маусымына дайындық жұмыстары пысықталды. Жиында жауапты басқарма басшылары баяндама жасады.
Мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым өңірдегі 2830 бюджеттік мекеме жылу маусымына толық дайын екендігін айтты.
«Облыстағы 2830 бюджеттік мекемеге қажетті 169 мың тонна көмір отыны және 6 млн. литр сұйық отын толық тасымалданды. Сонымен қатар, облыстағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 544 көпқабатты тұрғын үй жылу беруге дайын.
Бас қосуда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аудандарда әлі де газ құбырын тарту жұмыстары кенжелеп жатқандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Шардара сынды аудандарда көмір бағасының шарықтап кеткендігін айтып, бағасын тұрақтандыруды тапсырды. Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мырзабаев өңірдегі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің қыс маусымына дайындық жұмыстарын пысықтауда аса мұқият болу керектігін айтты. Сондай-ақ, Түркістан-Шымкент, Шымкент-Сарыағаш бағытындағы автомобиль жолында жол көлік оқиғасының жиілеп кеткендігін баяндап, ол жерлерге арнайы белгішелерді орнатуды, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруды қажеттігін тапсырды.
— Мемлекеттік сатып алу барысында жиі жол берілетін заң бұзушылықтар және оларды алдын алу жолдары. Дәл осы тақырып мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған жиында талқыланды. Оған кәсіпкерлік палатасы да атсалысты. Мемлекеттік сатып алу барысында орын алатын заң бұзушылықтардың қатары әлі азая қоймаған. Бұл жәйтке қатысты арыз шағымдардың саныда кемімей отыр. Мәселен, мемлекеттік сатып алу кезінде бармақ басты, көз қысты әрекетке салып, аға-көкелердің арқасында қазынаның қаражатын бұрқыратып жатқандар кездесіп жүр. Бірін білсек, бірін білмей жатамыз. Жиында осындай жағдайларға тосқауыл қойылатын сәт жеткенін баяндап, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерге тиісті түсіндірме берді. Оған қоса, заңбұзушылыққа жол бергендер қызметтік орнынан айрылып, жауапкершілікке тартылатыны қатысушыларға қатаң ескертілді.
— «Қазсушар» мекемесі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бірлесе отырып, өңірдегі суқоймалардағы су қорын тиімді пайдалану керек. Шардара қаласы маңынан тағы бір суқойма салып, артық суды құмға жіберу арқылы жайылым жерге айналдыру қажет. Сондай-ақ, Түркістан қаласының облыс орталығы болуына орай су қажеттілігі артады. Осыған байланысты Сырдария өзені бойынан жаңа суқойма салу бойынша құжаттарды әзірлеп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдауымыз тиіс. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс әкімдігінде өткен жиында мәлімдеді. Сондай-ақ, мәжілісте Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Н.Жүнісов суқоймалардың қауіпсіздігі қадағаланып отырғандығын жеткізіп, 2018-2019 жылдардың қысқы кезеңін қауіпсіз өткізу мақсатында болуы мүмкін төтенше жағдайларды жоюға арналған жұмыстар әзірленгендігін айтты.
«Облыс аумағында қыс мезгілі жыл сайын автомобиль жолдарында күрделі болып өтеді. Осы асулардың республикалық маңызы жолдарында 7, облыстық маңызы бар жолдарда 4 жылыту бекеттері орналасқан. Облыстық Азаматтық қорғаудың авариялық және шұғыл қызметтері арасындағы өзара ақпараттық іс-қимылын реттейтін құжаттарға түзетулер енгізіліп, пысықталды», — деді Нұрғали Жүнісов.
— Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов өзінің шығармаларында кең көлемде түсінік беріп кеткен. Әсіресе, бүлдіршіндерге алғаш қалам ұстатып, сауатын ашатын білім ордасының адам өмірінде алатын орны бөлек. Талай шәкірттердің шамын жағып жүрген Бәйдібек ауданының білім бөліміне қарасты Теректі жалпы орта мектебі.
— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауылшаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есегеге дейін көбейтуді тапсырды. Міне, осы міндетті жүзеге асыру бағытында ауыл шаруашылығына бейім Сайрам ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылып отыр. Айталық аудан аумағы бойынша биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда едәуір ұлғайып, 52 мың 288 гектарды құраған. Жергілікті диқан қауымының еселі еңбегі нәтижесінде биыл көкөніс, бақша өнімдері мен масақты дәнді дақылдардан мол өнім жиналса, тоғыз айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің қаржы көлемі 46 млрд теңгеден асып отыр.
— «Ізгілік» атты әлеуметтік үй жайында естіп көрдіңіз бе? «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының үлкен жобасында құрылған бұл әлеуметтік үйдің өзіндік ерекшелігі бар. Неге десеңіз, мұнда мұқтаж жандарға қажетті әлеуметтік заттар мен азық-түлік тегін тарқатылады. Тіпті, жұмыссыз азаматтарды қабілетіне қарай жұмысқа үйретеді. Мұның барлығын әрине қайырымды қала тұрғындарының көмегімен жүзеге асырмақ. Қарашаның 11 күні арнайы ашылатын үй бүгінгі күні біршама киімдерге толған. Қайырымдылық мекемесі бұл киімдер мен азық түліктерді шынында да мұқтаж жандарға үлестіруді көздейді. Ол үшін дәлелдеме құжаттарын көрсету қажет болады. Сондай-ақ, бір айда бір мұқтаж жан тек бір ғана киімге ие болмақ. Азық түлік те солай. Отбасыдағы адам санына қарай шамалап алып кете алады. Қайырымды жандар мен мұқтаж жандардың арасында көпір саналатын мекемеге сізде өзіңіздің жарамды киімдеріңіз бен жағдайыңыз жеткенше азық- түлік берсеңіз де болады. Және де сіз жасаған сауапты істің міндетті түрде қайырымы болатынын ұмытпаңыз.