Алматы облысы Панфилов ауданында «Нұр жолы» автокөлік өткізу пункті мен заманауи көлік-логистикалық орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа өткізу пункті жүк және жеңіл автокөліктерді, сол сияқты жолаушылар автобусын Қытаймен шекарадан өткізуге арналған, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баедилов, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев және басқа да мемлекеттік және жеке құрылымдардың өкілдері қатысты. Жобаны ҚР Қаржы министрлігі мен ҚР Инвестиция және даму министрлігі «Евротранзит Терминал» ЖШС-мен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырды. Оған 70 млрд. теңгеге жуық инвестиция салынды. 2500 автокөлікке дейін өткізуге қабілетті, алаңы — 25 га.
Өткізу пунктінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов:
— Бүгін біз үшін тарихи сәт. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» іргелі жобасының аяқталуы ретінде «Нұр жолы» жүк-жолаушылар өткізу пункті ашылып отыр. Бұл бағдарлама ҚХР-ның «Бір белдеу, бір жол» жобасымен тоғысып, Ұлы Жібек жолының жаңа заманға сай жаңғыруына ықпал етуде. Бүгінгі ашылып отырған өткізу пункті ең жоғарғы әлемдік стандарттарға сай, екі жаққа күніне 2500 көлікке дейін өткізуге қауқарлы. Бұл өз кезегінде транзиттік лекті еселеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осындай өткізу пункті бар ірі сауда дәлізінің іске қосылуы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін одан әрі арттырып, облыс экономикасының дамуына жаңа серпін береді, — деді.
Мұнан соң ҚХР ШҰАР үкіметінің төрағасы Закир Шохрат сөз алып, бұл жобаның екі ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететінін атап өтті.
Келесі кезекте Қазақстанның Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баедилов жаңа өткізу пункті «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бас қақпасы болатынын айтып, «Нұр жолы» ең озық техникамен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.
Бұдан кейін жүк көліктерінің легі символдық түрде жүріп өтіп, «Нұр жолы» өткізу пункті жұмысының басталғанын айқындап берді. Енді осы жаңа пункт арқылы мемлекетаралық тауар айналымы еселеп өсіп, Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсетін болады.
Атап өтсек, жаңа өткізу пунктінің тәуліктік өткізу қабілетін 5000 көлік құралына дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Өткізу пунктінің аумағы екі бөлікке — жүк және жолаушы аумағына бөлінген. «Нұр жолы» өзінің техникалық жабдықталуы, көлік құралдарын өткізу жылдамдығы, енгізілген біріктірілген бақылау жүйесі жағынан әлемде теңдесі жоқ саналады. Сөйтіп орнатылған заманауи құралдар адами факторларды төмендете отырып, жүк көліктерінің өту уақытын 40 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.