Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тауының арқанжолы осы аптада тапсырылады. Бұл туралы тау шаңғы базасын жайластырумен айналысатын мердігер ұйым өкілдері облыстық әкімдікте өткен жиында айтты.
Арқанжолдың әзірлігі туралы мәселені жиында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету тақырыбы аясында көтерді. Анықтағандай, бір сағатта 600 адамды тасымалдайтын арқанжолда бүгінгі күні реттеу жұмыстары ғана жүріп жатыр.
– Ол үшін 3-4 күн жеткілікті, – деп мәлімдеді мамандандырылған компания басшысы Славенко Бадура. – Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін база күніне 5 мың адам қабылдай алады. Шаңғышылар, сноубордшылардан бөлек, шана тебем деушілерге немесе қыдырып келушілерге де есігіміз ашық.
Сарапшы айтқандай тау шаңғы инфрақұрылымын жайластыруда Мырзашоқы тауы жаңа бастаған спортшыларға, әсіресе туристерге таптырмас орын. Сол себепті бұл нысан қысқы туризмді дамытудағы Баянауыл ауданының алғашқы қарлығашы болуы мүмкін.
– Биылғы жылға бірінші тапсырмамыз – алғашқы қарды уақытылы жинап, трасса әзірлеуге кірісу, – деді аймақ басшысы. – Толық тапсырылғаннан кейін біз өзіміз де міндетті түрде барып, шаңғы жолағын тексеріп қайтамыз.
Сондай-ақ кездесу барысында мектеп пен колледждердегі спорт залдарының қолжетімділігін талқылады. Бүгінгі күні ол жерлерде де сырттан келушілерге сағат кешкі 8-ге дейін алаңдар ұсынуға әзір. Алайда Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше аймақ тұрғындары 19-00 мен 22-00 аралығында да жабық алаңқайларды пайдаланғысы келеді екен. Облыс әкімі спортқа қызығушылардың барлығына жақын маңдағы оқу орнының залдарында футбол мен воллейбол ойнау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.