Шымкент қаласы – Орталық Азиядағы жайлы мегаполиске айналуы тиіс. Иә, қала халқы күтпеген мұндай мәлімдемені бүгін Ұлт Көшбасшысының өзі жасады. Сондай-ақ, шаһар Астана мен Алматы секілді өзінің даму моделін өзгертіп, жаңа міндеттерді іске асыруға мүдделі екендігін ерекше атады. Сол себепті қаланың ірі өнеркәсіп, инновациялық, туристік, сауда логистикалық орталық ретінде жаңа даму стартегиясын әзірлеуіміз қажет. Бұл бағытта инженерлік, көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ете отырып, Шымкент қаласының 2023 жылғы жылдарға арналған құрылыс жөніндегі жоспарын қабылдауды үкімет пен әкімдікке тапсырды. «Надо быть хозяином города» деген Елбасы мегаполис мэрі Ғабидолла Әбдірахымовқа маңызды міндеттерді Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтып берді.
Қала тұрғындарының 42 пайызын жастар құрайды. Сол себепті де – Шымкентті жастардың қаласы ретінде орталық қалыптастыру міндеті тұр. Жергілікті ЖОО-на шетелдің университеттерімен байланысын күшейтуді тапсырды. Сонда шетелдің белді оқу орындарының бізде де филиалының ашылуы мүмкін. Ол үшін үш тілділікті дамытып қана қоймай, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана алу керек.
Шымкент қаласының дамуы жолындағы жаңа міндеттердің тағы бірі – өз келбеті мен өзіндік жолының болуында. Ретсіз құрылыс пен 1 қабатты үйлердің көптеп салынуын да назарға алған Мемлекет басшысы мұндай ретсіздіктердің санын азайту керектігін баса айтты. Магистралды газ құбыр мен халықаралық автодәліздің бойында шымкенттіктер үшін шағын және орта бизнеспен айналысуға барша мүмкіндіктің қарастырылғандығын жасырмады. Іске кірісіп, жүйелі жұмысты жүзеге асыру міндеті тұр.
Қазіргі нарықтың әлемде мемлекетіміздің алдында тұрған міндеттердің бірі – халықты жұмыспен қамту. Сондықтан да бәсекеге барынша қабілетті болу арқылы индустриалдық-инновациялық дамуға баса назар аударсақ, бұл бағыттағы маңызды мәселелер уақытында өз шешімін таппақ. Ол үшін шағын және орта бизнес – басты рөл атқарады. Шымкент – перспективалық жобалардың көптігімен ерекшеленеді. Өндірістік, құрылыс, текстиль жабдықтарын шығаруға да әлеуеті жететіндігін Елбасы ерекше атап отыр. Сондай-ақ, кеңесте белгілі болғандай Туристер келетін негізгі нысандар темір жол вокзалы мен әуежайға реконструкция жұмыстары жүргізілетін болды.
Елбасы айтқан негізгі міндеттерді жүзеге асыру қалалық әкімдікке ғана емес, мегаполис тұрғындары үшін де маңызды. Өйткені, дамылсыз еңбек қана адамды жетістіктерге жетелейтіндігін ұмытпауымыз қажет. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы өркендету жолындағы өзіндік дамуға жол ашамыз.
Шымкентке республикалық статус беріп Елбасының Жарлығы шыққан 19 маусымды қала күні етіп белгілеу туралы шахар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов ұсынды. Тарихы 2200 жыл екендігі дәлелденсе, атап өту мүмкіндігі де туады. Ал, ЖОО-ның бүгіні мен ертеңі туралы сөз алған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ректоры Дария Қожамжарова Елбасы жүктеген міндеттердің студент жастар үшін де маңызды екендігін алға тартты.
Қоғамның қозғаушы күшімен дамып, дараланып келе жатқан миллионды мегаполис тұрғындарының қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай қарастырылып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін пайдалану да қаланы концептуалды түрде дамытудың бір өзегі.
Салтанат Тойболова.