Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен үндескен сапар Өзбекстанның астанасы Ташкентте жүзеге аспақ. Бұлай деуімізге себеп, Түркістан облысы, Төлеби ауданының 100-ге жуық қариясы баба есімін жаңғыртып, елдігін таныту мақсатында қасиетті жұма күні Ленгір қаласынан жолға шықты. Заманында «Қарлығаш əулие » атанған дана бидің даралығы бір төбе. Ұлттық код пен патриотизмнің нақ үлгісін жастардың жадында жаңғыртуды көздеген жалпы қауым бүгінгі зиярат арқылы елдігімізді еселемек. Мұнан бөлек Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Ташкент қаласының тарихи орындарын аралау жоспарланған. Шынын айту керек, облыс аумағындағы киелі жерлерді жалпы жұртшылық енді ғана танып біліп, танымын кеңейтіп жатқан тұста үш жүздің басын біріктіріп, шешендігімен даулы мəселелерді шеше білген үш биімізді насихаттай алып жатырмыз ба?! Төле мен Əйтеке би Өзбекстанда жерленсе, Қаз дауысты Қазыбекке ғана Түркістанның топырағы бұйырған. Қазақ Хандығының астанасы болған Ташкенттің тарихы бір төбе.
Міне, ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпаққа айтар «сабақты ине сəтімен» келген сапарды төлебилік қауым ұйымдастырып отыр. Берекелі тірліктің жүзеге асқанына бəрекелді дейік!
Сапар барысында «Қазақ ұлттық мəдени орталығы» жəне Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінде кездесу жоспарланған.
Салтанат Тойболова.