ҚазАқпарат — Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында орталық кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, онда «Коворкинг» орталығы ашылды.
Шара барысында сөз алған аудан әкімі Нұрбақыт Тұрашбеков орталықтың алдағы уақытта аудан жастарының бос уақыттарын тиімді пайдалануына және мектеп қабырғасында алып жатқан білімін одан әрі шыңдай түсулеріне септігін тигізетінін атап өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ашылған орталық ауыл жастарының ой-өрісін кеңейтіп, көптеген қызықты іс-шаралар өткізулеріне мүмкіндік береді.
Атап айтқанда жастар мұнда түрлі акциялар, шығармашылық кездесулер, шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, зияткерлік ойындарға және басқа да іс-шараларға қатыса алады.
Яғни, орталық кітапхана енді тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, аудан тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналып отыр.
Жоба жетекшілерінің сөзінше, орталық барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапхананың жаңа заманауи үлгісін құрмақ .
Сондай-ақ бұл орталықта ақысыз WI-FI, жедел интернет, Skayp арқылы сұхбаттасу, принтер мен сканер құрылғылары орнатылып, орталықтың бір бөлігіне Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басым бағыттарын насихаттайтын бұрыш орнатылған.