Осы жылдың соңына дейін егістік жерлерді толық цифрландыруды аяқталып, сондай-ақ Қазақстанда жайылымдық жерлердің электрондық картасы жасалады деп жоспарланып отыр.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру барысы туралы баяндаған ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты.
«Нақты егіншілік элементінің бірі болып табылатын танаптардың электрондық карталарын құру аясында 23,7 миллион гектар жер немесе егістіктің жалпы ауданының 98,8 пайызы цифрландырылған. Жылдың соңына дейін егістік жерлерді толық цифрландыруды аяқтау жоспарлануда. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы 9 пилоттық шаруашылықта нақты егіншілікті қолдануды талдау үшін Қазақ агротехникалық университеті техниканың мүмкіндерін тексерді, тыңайтқыштарды дифференциалды енгізуді іске асырды, электронды өріс картасын құрды, топырақтың агрохимиялық талдауын өткізді, егістіктердің арамшөп басу карталарын құрастырды», — деп атап өтті ол.
Ағымдағы жылдың аяғына дейін жайылымдардың электрондық карталарын жасау жоспарланып отыр.
«Фермерлерді жаңа технологияларды қолдануға үйрету «Қаскелең» агропаркі, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы, «Заречный» ЖШС және Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі нақты егістік полигондарының негізінде жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін нақты шаруа қожалықтары анықталып, оларды ет және сүт бағытындағы цифрлық фермалар деңгейіне дейін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Ағымдағы жылдың аяғына дейін жайылымдардың электрондық карталарын жасау жоспарланып отыр», — деді вице-министр.
Bnews.kz