ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жергілікті полиция жұмысындағы полиция қызметі мен әкімнің рөлін біріктіру туралы айтып берді.
Мұндай өзгерістерді қолға алмас бұрын біз талай шет елдердің тәжірибесін зерттедік. Өйткені, жергілікті полицияға қойылатын міндет (құқық бұзушылықтың алдын алу, нөлдік төзімділік, қоғамдық тәртіп) расымен де, жергілікті маңызға ие. Қылмыстың алдын-алу, құқық бұзушылықты болдырмау үшін жергілікті қауымдастық пен әкімдердің атқаратын рөлінің артуын қалаймын. Сол себепті жергілікті полиция қызметін құрдық», — деді Қ. Қасымов.
Оның айтуынша, бұл жүйе жұмыс істеп келген екі жылдың ішінде Ішкі істер министрлігі нәтижелерді қорытындылап, екі қызметті біріктіру туралы шешім қабылдады.
«Біз екі полиция қызметінің жұмысын байқадық. Біріншісі – Ішкі істер департаменті, екіншісі – Жергілікті полиция қызметі, сондықтан тағы бір зерттей келе, екі полиция қызметін біріктіруді ұсындық. Жарлыққа Елбасы қол қойды. Енді Ішкі істер департаменттері полиция бөлімшелері болып ауысты. Мысалы, енді Астана немесе Алматы полициясы департаменті болып аталады», — дейді ол.
Осылайша, осы жылдың 12 шілдесінде органдардың қызметін жетілдіруге бағытталған заңдардың бірі қабылданды. Заң бойынша Ішкі істер департаменттері Полиция департаменттері болып өзгертілді. Жергілікті полиция қызметі өзінің бұрынғы міндеттерін сақтай отырып, құрылымдық бөлімше ретінде қосылды.
Бүгінгі күні әкімдер полиция бөлімшелерінің басшыларын (Ішкі істер министрінің ұсынысы бойынша) тағайындауға және қызметінен босатуға, сонымен қатар, полиция органдарына заң бұзушылықты болдырмау міндетін қоюға құқылы. Тек полицияның жедел-тергеу және іс жүргізу іс-әрекеттеріне кірісе алмайды.
Ұлт Жоспарының 30-шы қадамын іске асыру үшін жергілікті полиция қызметі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметін бастады. Басты мақсат жергілікті қоғамдастық алдындағы есеп беруді қамтамасыз етіп, халықтың полиция жұмысына деген сенімін арттыру болатын.
Қ. Қасымовтың айтуынша, бұл өзгерістің басты жаңалығы енді Полиция бөлімінің бастығы бәріне жауапты болады. Әрі бұл лауазымға басшыны өңір не қала әкімдері өздері тағайындайды. Осылайша, жедел-іздестіру және тергеу қызметінің сұрақтарынан басқа барлық құқық бұзушылықтың алдын-алу мәселесінде әкім жауапты болмақ.
«Біз бұл істі бұрыннан қолға алғымыз келіп еді. Өйткені Ішкі істер департаментінде қылмыстық инспекция, төтенше жағдайлар мәселелері бәрі бірге қаралатын. Енді Полиция департаментінде полиция қызметкеткерлерінен басқа ешкім болмайды. Тек полиция қызметі ғана болады. Жергілікті полиция толық құраммен осы департаментке кіреді», — деді министр.
Енді жергілікті қауымдастық алдындағы полицияның жауапкершілігін арттыру мақсатында полиция басқармасының бастығы кем дегенде жылына бір рет әкімге және халыққа есеп беруге міндетті. Сонымен қатар, әр тоқсан сайын учаскелік инспектор өз аумағының тұрғындары алдында есеп беруі заң жүзінде бекітілді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі