Жамбыл облысы Жуалы ауданында тау-шаңғы кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір инфраструктурасы тартылып, қонақ үйлер мен мейрамханалар салына басталды.
Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бой көтеруде. Жалпы құны 4 миллиард теңгеден асатын жоба аймақтағы туризмді дамытуға бағытталған.
Туристік нысан Алатаудың бөктерінде теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте салынып жатыр. Логистикалық жағынан өте қолайлы аймақ таңдалып алынған.
Демалыс орны Жамбыл мен Түркістан облыстарының қақ ортасында тұр.
Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің бойынан небәрі 7 шақырым қашықтықта. Бұл туристерді көптеп тартуға мүмкіндік туғызады.
Бахтияр Көпбосынов, Жуалы ауданының әкімі: — Тек қана қыста емес, жаз уақытында да бұны туристік база ретінде қолданамыз. Жазғы уақытта бізде саумал, атпен емдеу орындары болады.
Сондай-ақ туристерге келу үшін өте ыңғайлы жер. Себебі Тараз қаласынан 80 шақырым, Шымкент қаласынан 90 шақырым жерде орналасқан. Қазір күрежолдан кешенге дейін 6,5 шақырым асфальт жол төселіп қойды. Газ, су, электр желісін тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Бахтияр Көпбосынов, Жуалы ауданының әкімі: — Газификацияның 90%-ы келіп тұр. Су бұрғылау жұмыстары 250 метрден су шығуы керек. Қазіргі таңда 200 метр су бұрғылау жұмыстары жалғасуда.
Сондықтан бұл жерде осы инфраструктура жұмыстары 80%-ға аяқталды деп айтуға болады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші Twitter@rusput_24kz: — Анау таудың басынан дәл осы жерге дейін 2500 метр сырғанау жолағы түседі. Қазір жолдарды тегістеу, инфраструктураларды тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жақында ұзындығы 3 шақырым аспалы жолдың құрылысы басталады. Оған қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген. Жалпы тау-шаңғы кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Егер жоспар уақытылы жүзеге асса, желтоқсан айында дәл осы жерде туристердің демалуына мүмкіндік туады.
Жоспар бойынша аспалы жолды монтаждау, орнату жұмыстары екі ай ішінде бітуі тиіс. Мамандар оған қажетті бөлшектер 100% жеткізілді деп отыр. Сонымен қатар шағын қалашық бой көтереді.
Онда қонақ үйлер, мейрамханалар және 20 коттедж салынады. Қазір ғана 4 гектар жер бөлінді.
Ерғали Сералиев, құрылыс компаниясының учаске басшысы: — Біз, жеке кәсіпкерлер осы жобаны қолдап, осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Іргетасын қалап, міне жұмысты бастап жатырмыз. Осы 2018 жылдың желтоқсан айына дейін, межелі уақытымыз жылдың аяғына дейін аяқтаймыз.
«Қара алма» тау-шаңғы кешені мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынып жатыр. Жоба толықтай жүзеге асса, тәулігіне 4 мың адамға дейін қабылдай алады.
24.kz