Банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операция 2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап тоқтатылды.
«Астана Банкі» АҚ банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айырылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 214 қаулысына сәйкес «Астана Банкі» АҚ-ты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңын бұзғаны үшін, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның үстеме капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны үшін лицензиясынан айырылған. Яғни Ұлттық Банк аталған Банкке 2015 жылғы 20 сәуірде берген № 1.1.32 лицензиядан 2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап айыру туралы шешім қабылдаған.
Ұлттық банк таратқан мәліметте, Банктің активтері мен міндеттемелерінің банк секторының активтері мен міндеттемелеріндегі үлесінің төмен болуына байланысты (1%) Банкті лицензиядан айырудың басқа қаржы ұйымдар үшін тәуекелдері болмайтындығы айтылады.
«ҚР Ұлттық Банкі төрағасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 352 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банктің барлық басқару органының өкілеттіктері өтті. Банктің уақытша әкімшілігі өз қызметін Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейінгі кезеңде жүзеге асырады», — делінген хабарламада.
Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға, Банкке түскен ақшаны есепке алуға байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және Банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операция 2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап тоқтатылды.