Омск

Омскіде Қазақ мәдени орталығы ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстан Республикасының Ресейдің Омск қаласындағы консулы Қонысбек Жүсіпбеков өңір басшысы Александр Бурковпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР-дың РФ-дағы Елшілігіне сілтеме жасап.

Атап өтілгендей, тараптар Қазақстан мен Омкс облысының өңірлері арасында мәдени және экономикалық байланыстарды дамыту және ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады.

ҚР консулы Александр Бурковты сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтап, қазақстандық және ресейлік өңірлердің шекаралық байланысы одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

«Омск облысының аумағында 85 мың қазақ тұрады. Біз олармен ұдайы байланыстамыз.Консулдықта азаматтарды қабылдау үшін барлық жағдай жасалған. Білім беру және мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда қолғабыс етеміз», — деді Қонысбек Жүсіпбеков. Дипломат сондай-ақ қазақ диаспорасы атынан Омскіде Қазақ мәдени орталығын ашу ұсынысын жасады.

Қ.Жүсіпбековтың айтуынша, ол жерде Қазақстанның шығармашылық ұжымдары концерттер қойып, көрмелер мен кітапханалардың жұмыс істеуіне мүмкіндік болар еді. Өз кезегінде Александр Бурков ұсынысқа қолдау білдіріп, Омск мэріне орталық үшін ғимаратты таңдау тапсырмасы берілетінін жеткізді.

Кездесу барысында сонымен қатар Омск облысы мен Қазақстан Республикасы арасында бизнес-байланыстарды кеңейтуге қызығушылық білдірілді.

Бұдан бөлек, Омскіде Қазақстан өңірлерінің кәсіпорындары мен бизнес-қауымдастықтары үшін форум өткізу мүмкіндігі талқыланды.

 inform.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!