Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тумасы Бану Сәттібекқызы «Мисс Алматы-2018» сән байқауының бірінші орын иегері атанды.
Сегізінші қыркүйек күні өткен дәстүрлі байқауға барлығы Алматыдан 300 ару қатысуға өтініш білдірген. Соның арасынан 27 бойжеткеннің бағы жанып, сұлулық сынында өнер көрсетті.
Бану Сәттібекқызының айтуынша, конкурс талаптары оңай болмаған. Тіпті, арулар тауға да көтеріліп, өздерінің спорттық дайындықтарын да көрсетіпті. Ал сән байқауының жартылай финалы қырғыз еліндегі Ыстықкөлде өткен.
Арулардың өнерін бағалап, жеңімпаз анықтауда өзінің әділ бағасын берген қазылар мүшелерінің қатарында Айжан Нұрмағанбетова,Толқын Забирова, скрипкашы Жамиля Серкебаева т.б өнер жұлдыздары бар.
Байқау барысында қатысушалар түрлі ұлттардың ұлттық киімдерімен дефиле жасады. Айта кету керек, жерлесіміздің қазақи нақыштағы киім үлгісі көптің көңілінен шықса, Бану билеген үнді биі –жеңіске бір табан жақындауға мүмкіндік берген.
Мұнан соң арулар кешкі көйлекпен сахна төрінде жүріп өтті.
Нәтижесінде, алматылық Камила Қожахан байқау жеңімпазы атанса, жерлесіміз Бану Сәттібекқызы бір ұпай айырмашылығымен бірінші орынды иемденді.
Енді Бану көктемде өтетін Астанадағы «Қазақстан аруы» байқауына қатысады..
Конкурс біткеннен кейін жерлесіміз туған жеріне қайтты. 11 қыркүйек күні сағат 23.00 де жақын туысқандары Бануды қарсы алды.