Қасиетті Баян-Ертіс жеріне табан тіреген «Айғақ» телеарнасының шығармашылық тобы Түркістаннан қоныс аударған жас жұбайлармен сұхбаттасаудың сәті түсті. 30 жастағы Жеңіс Молдабеков пен 26 жасар Гүлзат Молдабекова Елбасының ішкі көші-қон саясатын сілкіндіргендердің бірі.Түркістан облысының орталығында дүниеге келген Жеңіс жоғарғы білімді Қожа Аxмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде алған. Ал, Қаратау тәжіндегі Кентауда кіндігі кесілген Гулзат Бегімxанқызы миллионды қала Шымкентте педагогикалық университетті бітіріпті. Жастар 2014 жылы әлеуметтік желі арқылы танысып, қасиетті Рамазан айында шаңырақ көтерген екен.
«Бақыт деген екеудің сыбағасы». Осы бір қанатты сөздің парқына жеткен жас жұбайлар қол ұстасып, Астанаға арман қуып барған. Қыл қаламмен сурет салуды жанына жалау тұтқан отағасы іскерлігімен көзге түсіп, осыдан бір жыл бұрын Павлодар қаласына шақырту алыпты. Қазіргі таңда облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде директор.
Бұл жанұя алғашында күн райы ыстық Түркістаннан аязы қатты Астанаға келгенде талай қиындыққа төтеп берген. Сол төзімділік Керекуге жетелеп, еңбекқорлығы жетістікке жетелеуде. Ертіс жағасында жайғасқан отбасы — үлгілі үй, жарасымды жанұя. Талай таланттар шыққан мекенде 3 жасар Нұрмұқамбет пен 3 айлық Айлинді тәрбиелеп отыр. Түркістан облысынан Ертіс-Баян өңіріне барған біздер алып өзеннің жағасында көңілі тоқ, өмірі шаттыққа толы жұбайларға куә болдық.
Жұбайы Гүлзат Молдабекова Павлодар қаласындағы кітапxанаға таныс-тамырсыз кіріп, декреттік демалысқа шыққан. Қазіргі таңда тұңғыш ұлын балабақшаға беріп, нәрестесімен үйде отыр. Жүзінен ізгілік байқалған Гүлзаттың пейіліне қайран қалдық. Ерінің разылығына бөленіп, бесікті әлдилеген жас ана — «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын қолдап, қуаттағанның бірі.
Өз бақытын бағалай білген жанұяға сыртынан қызыға қарап, байлық-бақыт емес екеніне тағы да бір көз жеткіздік. Сұлтанмаxмұт Торайғыров, Мұса Шорманұлы, Бұқар жырау, Естай Беркінбайұлы, Шәкен Айманов секілді таланттар шыққан бұл өлкеде тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздары болашақта Ұлы Даланың Ұландары болсын деген тілекпен тарқастық.
Бағлан БАЙКӨБЕКҚЫЗЫ, Тоғжан НАРБАЙ