Осы жыл аяқталғанша Қазақстандағы барлық 182 мың дәрігерді 100 пайыз компьютерлік сауаттылықтан өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің компьютерлік сауаттылығын және денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді игеру деңгейін арттыру мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде 740 денсаулық сақтау ұйымында 180 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша компьютерлік сауаттылық бойынша 40 мыңнан астам дәрігер және 125 мыңнан орта медициналық қызметкерлері оқытылды», — дейді министр.
Елжан Біртановтың айтуына қарағанда, министрліктің ақпараттық жүйелері мен жұмыс істеуге оқытылған медициналық қызметкерлердің саны 45 мыңнан астам дәрігер және 18 мың орта медицина қызметкерді құраған.
«Сонымен қатар, 41 мың дәрігер және 112 мың орта медициналық қызметкер медициналық-ақпараттық жүйелерімен жұмыс істеу негізінде оқытылды. Осы жылдың соңына дейін барлық 182 мың немесе 100 пайыз медицина қызметкерлерін оқыту жоспарланып отыр», — дейді ол.
Министр өз сөзінде бұдан басқа пациенттерді денсаулық сақтау саласының веб және мобильді қосымшаларын пайдалану дағдыларына оқыту жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
«Республика бойынша медициналық ұйымдарда 471 цифрлық сауаттылық бекеті құрылды. Онда біздің мамандар веб және мобильді қосымшаларды қалай орнатуды және қалай пайдалану қызметтерін халыққа үйретуде. Қазіргі кезде 5 миллионнан астам пациент оқытылды. Бұл жалпы поликлиникаларға бекітілген халықтың 28,2 пайызын құрайды», — дейді министр.