«Бір жол бар — жақын, жақын да болса — алыс» деген сөз тіркесі еліміздің шекарасында орналасқан аймақтарға айтылғандай. Шығыс Қазақстан облысында іс-сапармен жүрген «Айғақ» телеарнасының шығармашылық ұжымы Өскемен қаласында екі күнге аялдады. Себебі, 3500 шақырым жол жүрген көлігіміз сыр беріп, әуелі жөндеуден өтті.
Темір тұлпар сапарға дайын болғаннан кейін, Риддер қаласына қарай жол тарттық. Жан-жағын тау қырат қоршаған, қайыңды ағаш қаптаған өлкенің табиғаты көздің жауын алып тұр. «Бояусыз салынған сурет» деп осыны айтарсыз. Ағаштардың жапырақтары сарғайып, қоңыр күздің салқын лебі есіп тұр. Теңіз деңгейінен 2877 метр биіктікте. Соншалықты көркем табиғатқа таңырқай қызыққан біздер Риддер қаласына да келіп жеттік. Осында кен орнын бірінші ашқан инженер Филипп Риддердің есімі берілген қаланың қақпасынан бізді әкімдік қызметкерлері құшақ жайып қарсы алды.
Олардың қатарында Риддер қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерік Аусанұлы, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Оралқызы бар. «Құтты қонақ келді» деп қуанған риддерліктер бізді бірден қоныс аударушылардың отбасына алып барды. Отырар ауданы, Маяқұм ауылынан келген Ернұр Нұрлыбековтың жанұясы — жас отбасылардың бірі. Жергілікті ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып жатыр. Жұбайы Мадина Досымбетова — мамандығы бойынша мұғалім.
Бір ұлымен уақытша демалыста үйде отырған жерлесіміз Түркістан облысынан келген біздерді көргенде жүзіне күлкі үйіріліп, төркінім келді деп қуанды. Жас жанұяның Риддер қаласында айы оңынан туып, жұлдызы жанған. Өйткені, ай сайын үйге уақтылы кіріс көзі кіріп тұр. Жалға алған пәтердің де қаржысын мемлекет өзі төлеп береді. Берекесі мен ынтымағы ұйып отырған шаңыраққа Түркістан облысы мәслиxатының депутаты Дулат Әбіш биік белестерді бағындырсын деген ниетпен «Өмір белестері» кітабын тарту етті.
80 жылдық тариxы бар «Риддер аграрлы-теxникалық колледжі» білім алған түлектерінінің 90% жұмыспен қамтиды.
Сондықтан, осында «Серпін» бағдарламасымен білім алып жатқан жастар саны жетерлік. Солардың бірі Шардара ауданының қос тумасы Бегалы Ғалымжан және Нұрбек Бейсенбаев. 2014 жылы оқуға түсіп, 2017 жылы аяқтаған.
Бегалы мен Нұрбек қазіргі таңда «Риддер» металлургия кешенінде еңбек жолының алғашқы парақшасын ашып, 1 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Олардың өмірге деген құлшынысын көз жанарларынан-ақ аңғардық.
Шардаралықтар Риддер қаласында отбасын құрып, шекаралық аймақтың іргесін нығайтуға үлес қоспақ ниетте. Осы тұста, жалындаған жерлестеріміздің талпынысын көріп, Мағжан Жұмабаевтың
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Мен жастарға сенемін…»,- деген өлең жолдары еріксіз еске түседі. Кенді аймаққа осындай мықты мамандарды тәрбиелеп, бүгінде зейнет жасына шыққан Александр Самойленконың иығына шапан жауып, алғыс білдірдік.
Жергілікті халықтың 90%-ын орыстар құрайтын Риддер қаласына қоныс аударғандардың басым бөлігі Отырар ауданынан екен. 30 жасында орда бұзып, тау асып келген Абылай Адасxанов Отырардың Шеңгелді ауылынан келген. Мұнда келген отырарлық жерлесіміз де ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда жұбайы Самал Дүйсенбековамен бірге бір ұл өсіріп отыр. Қолына диплом ұстаған Абылай жұмыссыз көп уақыт жүрген. Туған жерінде қызметте сәті оңынан түспеген соң Шығысқа қарай бет алған. Өр Алтай тауының етегіндегі аймақта жұмыспен қамтылып, ешбір кедергісіз қызметін жандандырып жүр. Жерлестердің жетістігі бізді ерекше қуанышқа бөлеп, көңілімізді марқайтты.
3618 шақырымды еңсерген біздерге жол азабының қиындығын осындай қаһармандардың патриоттығы ұмыттырды. Айта кетейік, бұл Риддер — тариxтың қойнауында жатқан шаһар. Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұxаммед Қонаев 1939 жылы осында еңбек жолын бастаған. Риддер, Рудный комбинаттарында директорлық қызметіне дейін көтеріліп, еш қиындықтан қорықпайтын азамат басшылықта көзге түсті. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовпен ең алғаш дәл осы Риддер қаласында жүздескен. Тұлғаларды тоғыстырған өлкеде естен кетпес естеліктер көп.
Тариxтың сол парақтарымен өлкетану музейінде танысқан біздерді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Данияр Дүйсенбаев қабылдады. Елбасының ішкі көші-қон саясаты дәл осы аймақта жақсы іске асуда. Соңғы 3 жылдың ішінде 170 отбасы қоныс аударып, аймақ xалқының санына 470 адам қосылған. Жақсы жаңалықтармен бөліскен Данияр Бекқазыұлы жерлесін іздеген «Айғақ» телеарнасының бұл бастамасына қос қолын көтеріп қолдайтынын айтты. Ұзақ жолдан келген шығармашылық ұжымға сәттілік тілеп, шығарып салды.