05

Үшінші Көшпенділер ойындары аяқталды — Қазақстан екінші орында (18 алтын, 24 күміс және 34 қола)

Сенбі күні Қырғызстанда үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу рәсімі өтті. Шараға Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев қатысты.

Бұл жолғы ойындарда спорттың 37 түрінен жарыстар өтіп, оларда 74 ел мен Ресейдің 12 субьектісінен барлығы 1986 спортшы жүлде үшін күресті.

Көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша, жалпы есепте 40 алтын, 32 күміс және 31 қола медаль алған Қырғызстан командасы бірінші орын иеленді.

Екінші орын алған Қазақстан командасының қоржынында 18 алтын, 24 күміс және 34 қола медаль бар.

Үшінші орынды 17 алтын, 12 күміс және 27 қола медаль ұтқан Ресей командасы еншіледі.

Бұдан кейінгі орындарда Түркіменстан (27 медаль), Өзбекстан (33 медаль), Венгрия (12 медаль), Иран (12 медаль), Украина (9 медаль), Моңғолия (17 медаль) және Түркия (6 медаль) командалары тұр.

Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 56 елден келген 50 телеарна, 12 радиостанция, 67 ақпарат агенттігі мен 48 газеттің өкілдері – 600-ден аса журналист хабар таратты.

Қырғызстан Туризм департаментінің басшысы Азамат Жамангуловтың айтуынша, егер 2016 жылы ойындардың ашылу салтанатын тамашалауға Қыршын жайлауына 30 мыңға жуық адам қатысса, биылғы ашылу рәсіміне 150 мың адам қатысқан. 2016 жылы Көшпенділер ойындарына 20 мыңға жуық шетелдік келген, ал биыл олардың саны, алдын ала мәлімет бойынша, 60 мыңнан асқан.

Қырғызстандағы Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қыркүйктің 2-і күні басталған. Ойындардың жалпы жүлде қоры 28 миллион сомды (403 мың доллар) құраған.

Қырғызстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ең алғаш рет 2014 жылы өткізген. 2016 жылы екінші ойындар өтті.

Келесі, төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2020 жылы Түркияда өтеді.

Дереккөз: Азаттық радиосы.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!