Қазақстанның барлық өңірлері мен Литва командаларының қатысуымен өткен жедел медициналық жәрдем бригадаларының III республикалық жарысы аясында шұғыл жағдайлар бойынша халықаралық мастер-кластары өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Шараны ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «Астана» оқу-клиникалық орталығы, Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы және Астана қаласының Ұлттық денсаулық сақтау палатасы ұйымдастырды.
«Жедел медициналық жәрдем жұмысын жетілдіру, біліктілігін арттыру, жедел медициналық жәрдем бригадаларының кәсіби деңгейін, тиімділігін және командалық жұмыс деңгейін, осы сала мамандарының әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр» — дейді мамандар.
Мастер-кластардың салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, мемлекет денсаулық сақтау жүйесіне, соның ішінде жедел медициналық жәрдем қызметіне баса назар аударатындығына тоқталып өтті. Ол жаңа машиналар сатып алынып жатқанын, ағымдағы жылдың басынан бері барлық жедел медициналық жәрдем машиналары бірыңғай республикалық стандартар бойынша біріктіріле бастағанын, 2017 жылы Қазақстанда халыққа жедел және шұғыл медициналық жәрдем көрсету бойынша жаңа ережелер енгізілгенін, жүйе дифференциалды көзқарасты қарастыратындығын, төтенше санаттар бойынша қоңыраулар әртүрлі белгілерге сәйкес оңтайландырылып, топтастырылғанын айтты.
«Жедел медициналық жәрдем қызметі мамандарының жұмысын жақсарту үшін методологиялық, ұйымдастыру және ғылыми-практикалық мәселелерді талқылауға, ересектер мен балаларға шұғыл жағдайларда жедел көмек көрсетуді жетілдіруге, ең үздік халықаралық практика негізінде медициналық кадрларды дайындауда жаңа және симуляциялық технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік алады», — деді министр.