28 тамыз күні жылдағы дәстүрге сай Азаттық мәдениет үйнде Түлкібас ауданы білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті.
Кеңеске аудан әкімі Н.Тұрашбеков, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының орынбасары А.Нұранов, аудандық білім бөлімінің басшысы Ш.Айнақұлов, аудандық білім беру мекемелерінің директорлары мен мұғалімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңес басында аудандық білім бөлімінің басшысы Шакір Сейданұлы 2017 жылмен салыстырмалы түрде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарды толық баяндап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды шолып өтті.
Жиын барысында келесі сөз кезегі ауданымызға арнайы келген Түркістан облыстық білім басқармасының бас маманы Оспанова Клара Рахымбердіқызына беріледі. Клара Рахымбердіқызы облыстық деңгейде білім саласын жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстар туралы қысқаша баяндап, ауданның білім саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, ауданның білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, Түлкібас ауданының білім саласы барлық көрсеткіштер бойынша облысымызда алдыңғы орында екенің айтып өтті.
Жарыссөзге шыққан ауданымыздың мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері Елбасының “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын басшылыққа алып, өз сөздерінде «Әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде» деп атап, өздері басқарып отырған мекемелердегі жаңа білім беру бағдарламасының жаңаруы аясында мұғалімдердің өз педагогикалық шеберліктерін жетілдіру және критериалды бағалау жүйесі мен оқытудың белсенді формаларын енгізу, оқушыларға негізгі адами нормалар мен моральді дағдыландыру, толеранттылыққа және басқа мәдениетті құрметтеуге көзқарасын қалыптастыру, жауапты және дені сау бала тәрбиелеуге үлкен әсер ететіңдігін айтып өтті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Н.Тұрашбеков барша білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтай келе, тамыз кеңесі – мұғалімдердің үлкен жиыны. Кеңесте мектептердің өткен оқу жылындағы оқу-тәрбие жұмысының қорытындысына жан-жақты талдау жасалынып, алдағы міндеттер айқындалады. Кеңеске дейін ауданда аудан ұстаздарының қатысуымен әрбір өзекті мәселелер секция бойынша қаралып, алдағы атқарылатын жұмыстар сарапталып, талқыланды.
Білім беру – тұлғаның табиғаты мен болмысын қалыптастыратын, балаға өмірден өз жолын табуды үйрететін аса күрделі де, жауапты мамандық. Сондықтан осы бір жауапкершілігі мол еңбектеріңіз еселене беруіне тілектеспін.
Өздеріңізге аян бүгінде елімізде білім саласында көптеген реформалар жүргізілуде. Бүгінгі күні біз жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқушыларға білім берудеміз.
Өткен жылы 1 сыныпқа барған оқушыларымыз жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша білім алса, биылғы жылы жаңа бағдарламамен 3,4,6 сыныптар білім алатын болады. Сонымен қатар 59 білім ошақтарында «kundelik. kz» электронды журнал жүйесін іске асыруды жоспарлап отырмыз.
Бүгінде елімізде білім саласына ерекше көңіл бөліп, оқушыларымыздың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып келеді. Соңғы 27 жылда ауданымызда 27 мектеп, 33-дан астам балабақшалар салынып ел игілігіне берілді. Оқушылар заман талабына сай электронды оқулықтар, түрлі оқу құралдармен қамтамасыз етілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауданның білім көрсеткіші жыл сайын жоғарылап, жақсы жетістіктерге қол жеткізуде.
Алайда әлі оң-солын танып үлгермеген оқушылар арасында қасақана кісі өлтіру, топтасып жанжалдасу, суық қару қолдану, өз-өзіне қол жұмсауы жиілеп барады. Өмірде әлі өкініш пен қуаныштың дәмін татып үлгермеген бозбалалардың арасында бір-бірін өлімге қиятындай өшпенділік, қатыгезділік қайдан туындаған? Бұл мәселеге ұстаздар мен ата-аналар ерекше көңіл бөлуі қажет. Өйткені бүгінгі жастар, ертеңгі еліміздің жарқын болашағы, үкілі үміті-деп, сөзі соңында мұғалімдерге жаңа оқу жылында шығармашылық табыс тіледі.
Кеңес соңы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен қолөнер және робототехника көрмесіне ұштасты.
Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметі